Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мешітті жамағатпен көмкерген түн

24.07.2014 3385 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігі, Елорданың орталық «Нұр Астана» мешітінде қасиетті қадір түні елордалық мұсылман қауымымен жылдағыдан ерекше сипатта өтті. Ардақты пайғамбар қадір тұтқан мүбәрак айда мешітке жиылған халықтың санында есеп болмады.

Құптан намазынан соң «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы қадыр түнінің қадір-қасиеті, мән-маңызы жайында жұртшылыққа баяндап өтті. «Қадырменді ағайын, міне, сағына күткен, сарыла тосқан Рамазан айы да көзді ашып жұмғанша сырғып өтуде. Ислам шариғатында ораза айының соңғы он күндігі ерекше аталады. Бұл он күндіктің түндерінде Алла елшісі (с.а.с.) түні бойы құлшылық етіп, отбасын намазға оятып, ғибадатқа ерекше ықыласпен қарайтын. Және де өз үмметіне қадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігінен іздеңдер деп өсиет еткен. Оның себебі, бұл кештерде адам баласының бір жылдық тағдыры белгіленетін қадір түнінің болуында. Бұл – Алланың кәләмі қасиетті Құран аяттары түсе бастаған түн. Қадір түні Алла Тағаланың разылығы үшін істелген әрбір іс – құлшылық болып саналады. Ілім іздену, намаз, Құран оқу – барлығы да ізгі құлшылықтар қатарында. Сондай-ақ, Әбу Хурайрадан жеткен хадисте «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрі Қадыр түнін шын иман және сауап үмітімен өткізсе оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі» делінген. Мінекей, ағайын, момын жанға тән сабыр мен төзімділікпен ұстаған оразаларыңыздың өтеуі берілетін түндер. Баршаларыңыздың шынайы ниетпен ұстаған оразаларыңызды Алла қабыл еткей» деді Бас имам өз сөзінде.

Бұл түні де Рамазанның алғашқы кешінен басталған тарауих намазы оқылып, Құран хатым етіліп, соңынан Хатым дұғасы жасалды. Шариғатымызда көкіректеріне Құран қонған, жүректеріне Құран аяттарын бекіген қарилардың жасаған дұға-тілектері қайтарылмай қабыл болады дейді. Елорда төріндегі еңселі мешітте айға жуық жамағатқа қалтқысыз қызмет қылып, Құранды басынан аяқ хатым еткен қари, Республикалық қарилар мектебінің директоры Сәдуақас Олжабай Жаратқаннан елдің тыныштығын, берекелі болуын, ел тізгінін ұстаған ел азаматтарының абыройы асқақ болуын тілеп, дұға етті.  

Қадір кешінде ізгі ниетпен мешітке қадам басқан жамағат нәпіл ғибадаттарын да оқып, дұға-тілектерін тілеп жатты. Намаз арасында найб имамдар айлардың сұлтаны Рамазанның мән-маңызы мен Қадір түнінің артықшылықтары туралы уағыз жүргізді.

Дін насихатын бұқара жеткізуде үлкен рөл атқарып жүрген еліміздегі жалғыз ислами ағартушылық «Асыларна» республикалық телеарнасы да келіп, жамағатпен сәні кірген мешіт кешін арнайы таспаға түсіріп, Бас имамның құттықтау сөзін бұқара жеткізді.

Айға жуық уақытқа созылған Құран хатымы бітуіне орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі Наурызбай қажы Тағанұлы жамағат алдында тарауих намазын жүргізген қариларды арнайы құттықтап, алғыс білдірді. «Иә, ағайын, сіздерге қызмет қылып, Құран Кәрімді хатым еткен қариларға қанша алғыс білдіріп, қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Алланың алдында, жәннаттың төрінде ата-аналарына тәж кигізетін салиқалы ұрпақ – осы қарилар екен. Бір Алланың разылығын аңсап, Құранды көкіректеріне тоқыған қариларымызға қалың бұқараның атынан әзірлеген арнайы сый-сияпатымыз бар, қазақы дәстүрмен жабатын шапанымыз бар» деп Бас имам қарилардың иығына шапан жауып, қазақы тақия кигізді, арнайы сый-сияпат жасады. Осы мезет жиылған жұртшылық та ризашылықтарын, жүрекжарды тілектерін, ізгі ниеттерін білдіріп, өз сияпаттарын көрсетті.

Қадірі мың айдан артық бұл түн де жамағатпен жарасымды өтіп, түнгі намаз, нәпіл құлшылықтар, дұға-тілектерімен жалғасып, жұртшылық 2 мың адамға арналған сәресі дастарқанында бас қосты. Таң сәріге дейін құлшылықта болған халық Алланың жердегі үйінде таң намазын оқып тарқады. Намаз соңында "Нұр Астана" мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы елдің, жердің амандығын, әлемнің тыныштығын тілеп, Алладан дұға етті. 

Жайық НАҒЫМАШ
ummet.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру