Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әр түрлі ұлт өкілдеріне ауызашар берілді

22.07.2014 4336 0 пікір

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің ауласына тігілген үш киіз үйде күнделікті ауызашар дастарханы жайылып,  арнайы қонақтар шақырылуда.  Рамазанның жиырма төртінші күнгі ауызашарына облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы  келді.  Бүгінгі күні өңірдегі 19 этно мәдени бірлестіктің басын қосқан ассамблеяның жүзге жуық мүшесі бар. Ассамблея хатшылығының басшысы  Гүлжан Исмурзинаның айтуынша,  этно мәдени бірлестік мүшелерінің  арасында намаз оқып, ауыз бекітіп жүргендер көп. 

Дастархан басына жиналған әр түрлі ұлт өкілдері өкіл имам С.Сейтбековтің Рамазан айының ұлықтығы жайында уағызын тыңдады.  «Шалом» еврей этномәдени орталығының басшысы Юрий Израйлович Кержбаум: «Біз Ислам дініне құрметпен қараймыз.  Қазақстандағы түрлі ұлттардың топтастығы, олардың өзара ынтмақтастықта өмір кешіп жатқанын бүкіл әлем біледі. Қазақстанда барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің өз тілдерін, мәдениеттері мен діндерін сақтап, дамытуына толыққанды жағдай жасалған»,- деді.

«Вайнах» шешен және ингуш этно мәдени бірлестігінің төрағасы Лорсанов Магоммед Умарович өзінің 19 жасынан бастап намаз оқып, ораза ұстап келе жатқандығын айтады. Ал «Алатоо» қырғыз этно мәдени орталығының төрағасы Ғазыбеков Құрбанәлі рамазан айының оразасын ұстап келе жатқаныма жиырма жыл болды дейді.

Өкіл имам С.Сейтбеков:  «Ислам діні — бейбітшілік діні. Пайғамбарымыз (с.а.у) басқа дін өкілдеріне жақсылық жасауды бұйырған.Ислам діні басқа дін өкілдерінің өздеріне тән діни рәсімдерін еркін орындауларына мүмкіншілік берген.  Асыл дініміз  қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін өзгенің ақысын бұзбауды, ешкімді діни сенімі үшін айыптамауды, мейірімді болуды талап етеді. Біздің Елбасымыздың ұстанып отырған саясаты халық пен мемлекет мүддесінің тоғысуын, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діні мен басқа да айырмашылықтарына қарамастан адам мен азаматтың теңдігін көздейді»,-деді.

Маңғыстау облыстық
орталық мешітінің
баспасөз қызметі 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру