Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Балалар үйінде қайырымдылық шарасы өтті

22.07.2014 3715 0 пікір

Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы биылғы жылды «Дін және дәстүр жылы» деп бекіткені баршаңызға белгілі. Бекітілімде Уағыз насихат, Қайырымдылық істер және кері ағымдармен күрес бағыттары бойынша жұмыс жүргізілу тапсырылған болатын. Аталмыш тапсырма бойынша Шымкент қалалық А. Қаттани мешітінің бас имамы Бақдаулет Абдрахманов қаладағы бірнеше мешіттерге қайырымдылық істермен айналысу жөнінде бұйрық етіп, жұмыстың орындалу барысын өзінің тікелей қадағалауына алып отыр.

Қаладағы 36 мешіттің имамдары мүмкіншіліктеріне қарай барлық балалар үйіне түрлі дәрежедегі көмектерін беруде.

Шымкент қаласындағы Хамза мөлтекауданында орналасқан №3 балалар үйіне «Халиф Омар» мешітінің бас имамы Нұрғали Ерімбетов арнайы барып, қасиетті Рамазан айында бүлдіршіндерге тек жақсылық болуын тілеп, дұға жасады. Сонымен қатар, әр балаға тәтті сыйлығын үлестіріп, қуаныштарына ортақ болды.

«Биылғы жылы біздерге мешіттерден көптеп келіп көмектерін беріп жатыр», – дейді балалар үйінің директоры Қырмызы Тілеубекқызы.

Негізінде Аллаға шүкір, балаларымыздың жағдайы жаман емес. Мемлекетіміз барлық жағынан жағдайын жасап қойған. Сонда да болса, бала көңілі сәл нәрсеге қуанады.  Мешіт қызметкерлері шын ниетпен сый жасап жатқан соң, балалар да пәк жүректерімен қабыл етеді. Ал, олардың қуанғанын көргенде, шаршағаның басылып, өзің де демалып қаласың.

«Халиф Омар» мешітінің бас имамы Нұрғали Ерімбетов: «Бүгінгі мерекеде балаларға қуаныш сыйлап отырған азамат аты-жөнін жасырын ұстауды жөн көрді. Сондықтан есімін айта алмаймын. Тек мына балалардың қуанышты күлкісін көріп, осындай мейірімді жомарт жандар көп болса екен деп ойлап тұрмын», – деді қуанышты үнмен.

 

Ұйқыдан оянғанда тосын сыйлық

Қасиетті ораза айында Шымкент қаласының көптеген мешіттері қайырымдылық шарасымен айналысуда. Жақында «Имам Ағзам» мешітінің имамы бастаған топтың Шымкент қаласындағы мамандандырылған бөбектер үйіндегі балаларды қуантқанына да өзіміз куә болдық.

«2014 жылды ҚМДБ «Дін мен дәстүрге» арнағанын білгілі. Осы орайда Рамазан айында қайырымдылық іс-шарасын өткізу де міндеттелген болатын», – дейді, «Имам ағзам» мешітінің бас имамы Өмірзақ Мамырхан. Осыған байланысты Шымкент қалалық А. Қаттани мешітінің бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы қаламыздағы барлық мешіттің имамдарына, балалар үйін аралап, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау қажеттілігіне тоқталған еді. Сонымен қатар, ата-ана мейірімінен тыс қалған балалардың жүрегіне жылу дарыту мақсатында сый-сыйяпат әзірлеуді тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес мол сыйлықпен жарым көңіл балаларды аралап, тәтті мен дәмді тағамдарды сыйға тартып, қуанғандарына куә болмақпыз, – дейді имам.

Мамандандырылған бөбектер үйіне келгенде, түскі тынығу уақыты болғандықтан бүлдіршіндер қалың ұйқыда жатыр екен.

Сыйлықпен келгендеріңіз жақсы болды, – деп қуана қарсы алды бөбектер үйінің Бас дәрігері Таукебаева Гүлнәр.

Қазір балалар ұйқыда жатыр. Біз сіздер әкелген сыйлықтарды жастықтарының астына қойып шығамыз. Ұйқыдан оянған кезде тәттілерді көріп қуанатын болады. Олардың қуанғандарын көрудің өзі біз үшін мереке болмақ.

Бас дәрігердің айтуынша бөбектер үйінде әлеуметтік жетім, тастанды, мүгедек жандармен қосқанда  65 бөбек тәрбиеленетінін жеткізді. 

 

Шымкент қалалық 
Қаттани мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру