Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қариялар – қазыналарымыз

20.07.2014 4278 0 пікір

Астанамыздың әуежайына апарар тоғыз жолдың торабында орналасқан «Әлжан ана» мешітінде ардагер қарияларға арналған ауызашар дастарханы жайылды.

Ақ ниет пен ізгі тілектер айтылған құтты кешті өткізуге ұйытқы болған Есіл ауданы әкімдігі, Есіл ауданы ардагерлер кеңесі өкілдері мен мешіттің бас имамы арнайы лебіздерін білдірді.  «Елорданың тағы бір айшықты құлшылық үйіндегі берекелі ауызашардың мәні де, сәні де өздеріңізсіздер. Сіздермен ел – берекелі, сіздермен ел – көрікті. Ұстаған оразаларыңызды Алла қабыл етсін» деді өз сөзінде Есіл ауданы әкімінің инспекторы Руслан Қонақбаев.

Ал, мешіттің бас имамы Ермек Мұқатай мүбәрак аймен құттықтап, ардагер қарттарға жүрекжарда тілегін білдірді. «Құрметті ақ жаулықты апалар, ардагер аталар. Сіздердің демеулеріңізбен, баталарыңызбен елдің болашағы зор. «Жаңбырменен жер көгерер, Батаменен ел көгерер» деген дана халқымыз. Сіздердің игі тілек, ақ ниеттеріңіз біздерге қолқанат, үлкен демеу. Қарты бар елдің қазынасы да мол. Сіздер аман болсаңыздар, ұрпақтарыңыз ел көсегесін көгертіп, көк туын көкте желбіретеді. Алла сіздерге амандық-есендік берсін» деді Бас имам.

Ақ ниет пен ыстық ықыласқа толы ауызашар кешінде өнегелі өсиеттер айтылып, ас соңы қариялардың батасымен тәмәмдалды. Мешіт атынан барша ардагерлерге арнайы кәдесыйлар, «Имани гүл» кітаптары сыйға тартылды. 

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру