Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Асаналі атамыз ауызашар берді

18.07.2014 3537 0 пікір

Ауызашар берудің сауабы мен берекесі жайлы айтылған хадистерге үңілсек, Рамазан айының әр күнін құр жіберемей ауызашар бергің келетіні рас.

Бірде  Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Саад ибн Убадәның жанына келгенде, ол Алла елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір тілім нан мен зәйтүн ұсынады.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) ауыз тиіп болып: «Дастарханыңыздан ораза ұстағандар дәм татсын. Астарыңызды ізгі кісілер жеп, періштелер сіздерге дұға етсін», – деген. Яғни, осының өзі ауызашар дастарханының мәртебесін аңғартқандай.

Қасиетті Рамазанның берекелі кешінде ел ағасы, аты аңызға айналған өнер иесі Асанәлі Әшімов әулетімен бірге 200-ге жуық  адамға ауызашар берді. Алматыдағы «Таугүл-3» мешітінде жайылған  дастарханға  Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының  аппарат жетекшісі Ғылымбек Мажиев, «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек, ҚМДБ  Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс  бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағанбет мырзалар қатысты. Өз кезегінде ҚМДБ өкілі Ғылымбек Мәжиев Асанәлі ақсақалдың өнегелі әрі сауапты ісіне Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының  ыстық сәлемі мен ризалыққа толы алғысын  жеткізді. Ата дінімізді әспеттеп, мешіттерге көңіл бөлген елағасының мұндай салиқалы амалдары  елге өнеге, көпшілікке үлгі ғана емес, Алла алдындағы қайырлы амал екеніне тоқталды.

Ауызашардағы  Ершат Оңғаров пен Нұрбек Есмағанбет мырзалардың  қасиетті айдың қадірі мен оразаға қатысты тың уағыздары жиылған жұрттың жүрегін нұрландырып, жақсылыққа қарай шабыттандыра түскендей.  Ал, ауызашар соңында ардагер ақсақал Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлеміне ерекше ризалығын білдіріп, елді имандылыққа ұйытып келе жатқан ҚМДБ өкілдерінің еңбегіне алғысын айтып, жиылған жұртқа ақ батасын берді.

Өнерімен әлемді тәнті еткен ел ағасының қасиетті Рамазанды ұлықтап, әулетімен  жамағатқа ауызашар беруі кешегі өткен ата-бабаларымыздың ұлы аманатын кейінгі ұрпаққа  өнеге етер тұлғаларымыздың бар екендігінің көрінісі.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
журналист

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру