Өздеріңізге белгілі, еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері асыл дініміздің көкжиегі кеңейіп, дініміз бен дәстүріміз жанданып, ел рухы көтеріліп келеді. Бұл орайда елдің бүгіні мен ертеңіне асқан жауапкершілікпен қарап, қызмет етіп келе жатқан барша ел азаматтарының еңбегі ерен.
Өңір-өңірлерде Алланың жердегі үйілері – күмбезді мешіттеріміздің артуы – елдегі бейбітшілік пен тыныштықтың арқасы. Ал, осы мешіт жамағатының саны өз қаракөздерімізбен қатар өзге дін яки өзге ұлт өкілдерімен де толығып жатқанын біз ресми сайт бетінде бұқараға жариялап, сүйіншілеп келеміз әрдайым.
Кеше қасиетті Рамазан айының құтты кешінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешіті өкілдері елордамыздағы ислам дінін қабылдаған бауырлармен ауызашар өткізді. Өкілдіктен келген найб имам Асхат Сәлімов ақ дастархан басында асыл діннің құндылықтары, бауырмашылдық турасында насихат айтып, пайғамбар (с.а.с.) салған өнегелі жолдан өмірлік сабақ болар уақиғалар жайында баяндады. «Құрметті бауырлар. Бүгін біз айрықша ауызашарда бас қосудамыз. Хақ діннің қадірін ұғынып, құбылыға бет бұрған адам екі дүниеде де шынайы бақытты. Алла тағала өзінен үміт еткен, медет тілеген, тіптен дұға еткен мүміннің дұға-тілегін кері қайтаруға ұялады. Бұл жайында шариғатымызда кеңінен айтылған. Ал, барша мұсылман үмметі бір-біріне бауыр болатынын асыл дініміз насихат етеді.Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 10-аятында «Шын мәнінде мүміндер бір-біріне бауыр. Сондықтан, туыстарыңның арасын жарастырыңдар» делінген. Ал, Алланың хақ елшісі Мұхаммедтің (с.а.с.) «Сендер өздерің үшін қалағандарыңды бауырларың үшін қаламайынша толық иманды болмайсыңдар» деген өсиеті баршамызға өмірлік сабақ» дей келе найб имам бауырмашылдық қатынасқа сызат түсу көбіне көп адам баласының қара бастың қамын күйттеп, өзге ағайындарына қараспауы секілді жайттардан бастау алатынын тілге тиек етті.
– Ел бірлігі мен ағайын татулығы туралы дана бабаларымыз да мәні терең сөз қалдырды артында. «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды» деген дана халқымыз бұл пәнидегі баршылық пен таршылықта «адам деген ардақты атқа» селкеу түсірмеуімізді аманат етеді. Сабыр мен берекенің, Алланың сансыз нығметтерінің есігі айқара ашылған мүбәрак айдағы бір Алланың разылығы үшін ұстап отырған оразаларыңыз қабыл болсын. Бауырлық қарым-қатынасқа сызат түсірмеу – мұсылман баласының алғашқы міндеті. Әрдайым бірлікте болайық, - деп ойын түйді Асхат Сәлімов.
Өз кезегінде дін исламның қуанышымен қауышқан бауырлар да өз лебіздерін, ыстық ықыластарын білдіріп, асыл діннің елдегі шаңырағын биіктетіп, уығын көтеріп отырған барша имамдарға алғыстарын айтты. Алланың нұры жауған ауызашар кешінде бас қосқан барша азаматтар көңілді күйде емен-жарқын дидарласып, ас соңында «Нұр Астана» мешітінің найб имамы Асхат Сәлімов дұға етіп, қонақтар қадірлі кештен әсерлі күйде тарасты.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
16.07.2014
3342
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру