Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Астанада Бас мүфти атынан ауызашар берілді (ФОТО)

16.07.2014 3724 0 пікір
Кеше Астана қаласының сәніне айналған «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан дастархан жайылып, ауызашар берілді. Еліміздің өнер және мәдениет қайраткерлері, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан берекелі дастархан басында Құран хатым етіліп, дұға жасалынды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы ауызашар дастарханына жиылған жамағатты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, барша жамағатты оразасы қабыл болғандар қатарынан табылуын тіледі.

Бас мүфти атынан жайылған ауызашар дастарханының қадірлі қонағы болған ҚР қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Бәйгелді мырза да жамағатқа құттықтау сөзін арнап, осындай дастархан басында бірге отырғанына разылығын жеткізді. Сондай-ақ, Ирак елшілігінің атынан сөз сөйлеген Раджех Сабер Аббуд аль-Мусауи барша қазақстандықтарды Рамазан айымен құттықтап, мүбәрак болуын тіледі.

Таңның атысы мен күннің батысы Алла разылығы үшін ауыз бекітіп, ораза ұстаған жанның екі қуанышы болатын болса, соның бірі – кешкісін ауыз ашқанда орын алатын көрінеді. Осындай қуанышты сәттің неғұрлым мерейлі болуына белгілі дәстүрлі әнші Нұрболат Әбілханұлы мен айтыскер ақын Балғынбек Имашевтардың да қосқан үлесі зор болды. Сондай-ақ, айтыскерлігімен қатар, жазба өлеңімен де жұртшылыққа кеңінен танымал Серікзат Дүйсенғазин көрерменді жырмен тербеді. Қазақтың қарымды қаламгері Төлен Әбдік ақсақалымыз да ауызашар дастарханына қатысып, жастарға үлгі-өнеге боларлық өміршең тәжірибелерміен бөлісті 

Ауызашар дастарханынан сыр шертетін суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан тамашалаңыздар!

muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру