Рамазан айы басталғалы маңғыстаулық кәсіпкерлер ізгі істердің ұйытқысы болып жүр. Бірі мешіт ауласына тігілген үш киіз үйдің ауызашар дастарханын көтерсе, бірі жеке мейрамханаларына аузы берік жандарды қонақ етуде. Кеудеге иман ұяласа жақсылықтардың есігі ашыла беретіндігі секілді рамазанның қадір-қасиетін түсініп, ораза тұтқанның аузын ашып, сауап іздеген кәсіпкерлердің бірі – ағалы-інілі Сұлтан мен Ибрагим Жақсымбетовтер. Шарапатты айдың он төртінші күнінде қала шетінде орналасқан мейрамханаларына 300 адамды шақырып, ауызашар кешін ұйымдастырды. Ауызашар кешіне қатысқан өкіл имам С.Сейтбеков өзімен бірге мүмкіндігі шектеулі жандарды, мүжәлсіз жанұяларды, жетім балаларды ертіп әкелді. Көпшілік облыс имамының Рамазан айының қасиеті, бұл айдағы жақсылық пен қайырымдылық істерінің еселенетіндігі жайында, пайғамбарымыздың (с.а.с) бұл құрметті айда жасаған құлшылықтары туралы уағыз-насихатын тыңдады.
Кеш қонақтарының бірі «Зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Мұхаммедов бірлестікке тіркелген 30-ға жуық зағип және мүгедек жандарды алып келді. Оның айтуынша, бірлестік құрамындағы жарымжан жандардың ішінде қиындығына қарамастан ораза ұстап, Алланың дініне ден қойып жүргендер көп. «Олар өздерінің жарымжан тағдырына налымайды, қайта осы имандылықтың арқасында өмірге деген құштарлықтары ерекше. Мүмкіндіктерінің шектеулі екендіктеріне қарамастан, сауап істерді де көп жасауға тырысады»,- дейді, бірлестік төрағасы А.Мұхаммедов.
Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері де рамазан кештерінде өздерінің құрметті қонақ болып, көңілдерінің марқайып жүргенін айтады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ауызашар дастарханын ұйымдастырушы Сұлтан Жақсымбетов - Мұнайлы аудандық мешітінің жамағатынан. Мешіт имамы Айдос Муталиевтің айтуынша Сұлтан аға өзінің қайырымдылығымен қашанда игі шаралардың басында жүреді. Мешіт істеріне, өзге де көмек қажет етілген жерде қолұшын беруден аянбайды.
Имандылық парыздарын өтеуге бет бұрған жандардың көбеюі – ел абыройының асқақтауы, қоғамның жақсылыққа беттеуі деп білеміз.
Маңғыстау облыстық
орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.07.2014
3425
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру