Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жаңа мешіттегі тың серпілістер

12.07.2014 3121 0 пікір

Астанамыздың әуежайына апарар жолда менмұндалап тұрған «Әлжан ана» мешіті ашылғанына санаулы уақыт өтсе де, бүгінде мұндағы жамағат саны күн санап артып келеді.

Мың жарымға жуық мұсылман баласына арналған құлшылық үйі бүгінде «Пригородный» аймағының тұрғындарының көзқуанышы, жүрек медетіне айналған. Кеше кешкілік «Әлжан ана» мешітіне бас сұққанымызда намазға жиналған қауым мен ауызашарда бас қосқан халыққа қарап, мешіттің тыныс-тіршілігі өз арнасына түскенін байқадық.

Жуырда ашылған мешіттің бас имамдығына тағайындалған Ермек Мұқатайдың айтуынша, Астанаға ат басын бұрған қонақтар мен сапар шегуші ел азаматтары жол бойындағы өзіндік шығыс стилінде көзді тартатын мешітке қадам басып, Құран оқытып, дұға етеді. «Алладан амандық тілеп, сапар алдында арнайы мешітімізге бас сұғатын ізгі ниетпен келушілер көбейіп келеді. Ал, жұма күндері мешітіміз жамағатпен көркейеді» деген бас имам жаңа мешіттің ашылғанына әсіресе осы аймақ тұрғындарының қуанышты екендігін жеткізді.

Ал, кешегі өткен ауызашарда жамағатты қуана күткен жарқын жүзді найб имам Дәурен Жақыпжан құлшылық үйінің ел игілігіне айналып, мешіт тынысының кеңейіп келе жатқандығын айтты. «Өздеріңіз байқап отырған боларсыздар, қала сыртындағы мешітке «Пригородный» тұрғындарымен қатар, елордалықтар да арнайы келіп, намаз оқып жатыр. Ал, ауызашар дастарханы бізде күнделікті 80-100 адамға жайылады. Бүгін 120 адамға арнап жасаудамыз» дейді найб имам.

Байқағанымыздай, мешіт іргесіне ақшаңқан шатыр үйлер тігіліп, онда кешкі дастархан мәзірлері қызу дайындалу үстінде екен.

«Ал, тарауих намазы мешітмізде үзбей жүрігізіледі. Арнайы алдырған қариымыз құран хатым түсіріп, жамағатқа қызмет етуде» деген Дәурен Жақыпжан мешіт – жамағатымен, ел – мешітімен көрікті болатынын, құлшылық үйінде ел қарасының артуы елдегі тыныштық пен берекенің нышаны екенін айтып өтті. Бұған қоса, мұнда Құран Кәрім үйреніп, тәжуид дәрістеріне қатысуға ниет білдірушілердің де бар екендігіне көз жетіп, көңіл қуанды. 

Осылайша, қадірлі айда есігін айқара ашқан «Әлжан ана» мешіті де Елорданың айшықты құлшылық үйіне айналып, ауызы берік жандар мұнда әр күн ауыз ашып, тарауих намаздарын оқып тарқасуда. 

ummet.kz
Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру