Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе облысы әкімі ауызашар берді

12.07.2014 3482 0 пікір

Қасиетті Рамазан айында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыс әкімдігі атынан ауызашар берілді. Алланың үйі – мешітте жайылған дастарханға Алла разылығын көздеп ауыз бекіткен дін өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының мүшелері шақырылды.

Ауызашарға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров қатысты.

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков қасиетті Құран аяттарын оқып, бата жасады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиналғандарды барша мұсылман баласы айлардың сұлтаны санап, үлкен қуаныш, ерекше үмітпен өткізетін Рамазан айының басталуымен құттықтап, «Оразаларыңыз қабыл болсын!», – деген тілегін жеткізді.

Бұл жұмыстарды қолға алғанда, біз, ең бастысы, тұрғындарға қолайлы, ыңғайлы жағдай жасауды көздедік. Мешіттің қайта пайдалануға берілуі салтанатты жағдайда өтті. Ақтөбеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Маямеров, еліміздің басқа өңірлерінен, Ресейден қонақтар келді. «Ханафи мәзһабы — Орталық Азияның рухани мұрасы» атты конференция ұйымдастырылып, жан-жақтан жиналған ғалымдар, дін саласының қызметкерлері Ханафи мәзһабының бүгіні мен болашағы төңірегінде ой қозғап, алда тұрған міндеттерді талқылады, — деді Архимед Бегежанұлы.

Облыс басшысы сөзін: – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан өнегелі салтымыз, дәстүрлі қалпымыз, ата-бабамыздан қалған айқын бағытымыз бар. Сол жолмен жүрген абзал», – деген сөздерін әрдайым есте сақтап, ата-бабалар ұстанған бағытқа адал болып, Елбасы салған жолдан таймау керек. Бұл – бірліктің, жарқын болашақтың кепілі. Рамазаннан Рамазанға аман жетейік! Әр шаңырақта бақыт, береке болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!», – деген жақсы тілектермен аяқтады.

Облысымызда 68 мешіт жұмыс істеп тұр. Бұл мешіттер қызметкерлері Ханафи мәзһабын, Ислам құндылықтарын насихаттау мақсатында еңбек етіп келеді. Осы іске айрықша үлес қосып жүрген имамдарды облыс басшылығы тарапынан марапаттау жыл сайынғы дәстүрге айналды. Биыл да бұл іс жалғасын тапты. Атап айтқанда, Шалқар аудандық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Тәкеевке қажылық сапарға жолдама және облыс әкімінің алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ, Хромтау ауданындағы «Нұр» мешітінің бас имамы Әли Алмат пен Ембі қалалық мешітінің бас имамы Мадияр Қалдыбековке де алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Жиында «ҚР Бейбітшілік және келісім кеңесі» облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, Темір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Бақаев сөз сөйлеп, облысымыздағы рухани салада атқарылып жатқан жұмыстарға өз ризашылықтарын жеткізді.

 

Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр-ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру