Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қажылар қауымдастығы ауызашар берді

11.07.2014 4803 0 пікір

Қасиетті Рамазан айы туғалы еліміздің қай өңірінде де мұсылман қауымының жүздерінен мейірі төгіліп бір-бірлеріне «Рамазан мүбарак болсын!», «Оразаңыз  қабыл болсын!» деп амандасып, төс қағыстырып ерекеше сезіммен ілтипат көрсетуде екені даусыз. Ұлы дария Ертістің Кереку өңірі де жыл-жылдағыдай қасиетті айды қуана қарсы алып, әрбір кеш сайын елді мекендердегі асханалар, ғибадат орындары мен ауыл үйлерде ұлт  берекесінің ұйытқысы болған қасиетті қара дастарханымыз жайылып, күнделікті ауызашарлар берілуде. 

Рамазан айының он үшінші күні Павлодар облысы Қажылар қауымдастығының ұйымдастыруымен облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің үлкен асханасында Жаратушы иеміздің парызын орындап жүрген жамағаттар мен қадірменді қажылар, ардақты ата-апалар, дін қызметшілеріне арналып 450 адамға ауызашар берді. ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман қажы Исенов дүниеден өткен бабалар рухына  Құран бағыштап, осы берекелі істің басында жүрген облыстық Қажылар қауымдастығының төрағасы Хайролла қажы Әбілдабек,  осы қауымдастық  төрағасының орынбасары Рымтай қажы Сапарбекова және Тұяқ қажы Иманқұл, Ғабиден қажы қатарлы көптеген ағалар, ата-апалар жиналған қауымға мүбәрақ айдың құттықтауын жолдап, ел тыныштығы, иман сауабы, Рамазан айының құндылығы, ораза ұстаудың пайдасы туралы жан-жақты мәліметтерге тола уағыздар айтты. Қасиетті дінімізді қалпын бұзбай сақтау тұрғысындағы Елбасы мен, Үкіметтен жүргізіліп жатқан сындарлы саясатты жүзеге асыру, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің  бастамасымен мұсылман қауымы арасына  жарияланған  «Дін мен дәстүр» жылына орай шариғатпен үйлескен озық дәстүрлерімізді  жалғастырып, ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету қажеттігі туралы сан-қырлы салихалы әңгімелер  айтылып, ауызашар дастарханының  көңіл күйі мен дәрежесін асыра түсті.

Осы орайда айта кетер болсақ, осындай пәтуалы ауызашар дастарханы орталық мешітте жуырда ғана облыстық салық басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған болса, алдағы 2-3 күннің ішінде Павлодар қаласы әкімі атынан және  Павлодар қаласы орталығына қазақтың Батыр Баянының ат үстінде тұрған ескерткіші орнатылуына орай Құран Хатым түсіріліп, мұсылман қауымына ауызашарлар жасалатын болады.

Рамазан айында игі істер сауаптан жазылып, Алла Тағала елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай! Еліміз тыныш, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болсын!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру