Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бұқараға арналады бұл көлік

10.07.2014 3369 0 пікір

Әлем мұсылмандарымен қатар қазақ жұртшылығының асыға күткен Рамазан айы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бұқараға арнап Үндеу жариялаған болатын.

Бас мүфтидің үндеуі республикалық һәм аймақтық баспасөз беттерінде жарық көріп, онда жұрт болып жұмылып, елдігіміз бен бірлігімізді онан әрі көтеріп, бірқатар шараларда ұйымшылдық таныту турасында айтылған еді.

Осы ретте Үндеуді басшылыққа алған ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешіті елордалық  мұсылман үмметі қасиетті айда жүрек қалауына сай, ыңғайлы өткізулері үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, оңтайлы жағдай жасау үстінде.

Оразаның әр күнінде жамағатқа арнап ауызашар дастархандарын даярлау, тұрмысы төмен, әлеуметтік жағдайы нашар және отбасында мүгедек жандарды бағып отырған шаңырақтарға азық-түлік, киім-кешек, керек-жарақтарын үлестіру секілді қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру, сондай-ақ, күн құрғатпай тарауих намаздарын арнайы шақырылған қарилармен өткізу, уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру, т.б. ізгі шаралар мүбәрак айдағы мешіт қызметкерлерінің алдында тұрған күн тәртібіндегі міндеттер.

Елорда мешіттерінде жыл сайын Рамазан айының тарауих намаздарына қатысушы жамағат санының артуы елдегі имани ахуалдың көтеріліп жатқандығының да белгісі болса керек. Бұл ретте түнгі намазға мешітке ағылатын бұқараның көбейіп келе жатқандығы себепті  олардың тарауихтан соң үйді-үйлеріне жеткізу жайы да өкілдік назарынан тыс қалмады. Қала әкімдігімен жасалған келісім оңтайлы шешім тауып, қаладағы 3 мешітке келетін жұртшылық автобуспен үш бағыт бойынша үйлеріне жеткізілетін болды. Атап айтар болсақ, «Нұр Астана» орталық мешітінен шығатын көліктер үш бағытСапаржай, Б.Момышұлы – «Еуразия» СО, Көктал ықшам ауданы тарапына, «Сәдуақас Ғылмани» мешітінен Көктал ықшам ауданы, Оңтүстік шығыс ауданы тарапына, ал «Әзірет Сұлтан» мешітінен Б.Момышұлы көшесінен Қарағанды тас жолына, қаланың оң жағалауына және Сол жағалау, әуежай тарапына күн сайын жүретін болады.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру