Қасиетті Рамазанның әрбір ақшамын айрықша күтіп, 200-ден астам адамға ауызашар беріп келе жатқан Алматыдағы «Таугүл-3» мешіті қаладағы балалар үйлері, жетімхана, қарттар үйі секілді мейірім мен қамқорлыққа мұқтаж әлеуметтік шаңырақтарды да назардан тыс қалдырмауда. Оразаның кешірім күндерінің сәулелі бір кешін қаладағы «Кәусар» Корпоративтік қоры интернатындағы тәрбиеленуші қыздарға арнап кеңінен дастархан жайды. Арнайы автобуспен жеткізілген жауқазындар негізінен әкесі не анасы қайтыс болған, әлеуметтік ахуалы төмен отбасындағы қамқорлыққа мұқтаж жандар.
«Мәселе ауызашар беріп, сауап жинап қалуда ғана емес. Бұл арада тағдыр жазуымен ата-анасының бірінен айрылып, өмірдің тауқыметімен бетпе-бет ұшырасып, пана таппай интернат қабырғасына түскен қыздарымызға рухани қолдау көрсету. Тағдыр таршылығына тап болған қыз балалар өздеріне қол ұшын созар діни ағалары барын, оларға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бей-жай қарамайтынын сезінсе дейміз. Бұл тікелей Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қадағалауындағы мәселе. Себебі, қазақ халқы ешқашан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Атеистік саясат салдарынан ауызда жатталып, тіршіліктен алыстаған түсініктің тамырына қан жүгіртетін кез келді», – дейді мешіттің бас имамы Нұржан Таласұлы.
Расында, жеті атаға дейін қыз алыспаған халқымызда шариғатпен өрілген айрықша ата дәстүріміз бар. Кез-келген қаракөзді қамқорлығына бөлеп, қарындас деп құрметтеген қазақ азаматтары үшін қыз бала, бойжеткен, ару, ана, әже деген ұғымдар қашанда қасиетті болған. Қыз баласына қамқорлық Алланың разылығына бөлеп, жәннатқа жолдама болатындығы жайлы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері қағазда емес жүректерде жатталып, санада қалыптасты. Тарих үшін аз ғана болса да, халық үшін қазан болуға жеткілікті болған ғасырға жуық уақыттың зардабынан арылу әрине оңай емес. Оның емі тек қана ата дініміз екендігін елге ұғындыру үшін іске кіріскен мешіт қызметкерлерінің іс-әрекеттері жұртшылыққа ой саларлық.
Айша КЕҢЕСБАЙ
Журналист
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.07.2014
4054
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру