ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйытқы болуымен Елорданың «SOS» балалар үйінде рамазан айының ауызашар дастарханы жайылды.
115 адамға арналған ақ дастархан басында «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы балалар мен осы шаңырақта еңбек етіп жүрген барша қызметкерлерді қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ізгі ниетпен жасалып отырған бүгінгі ауызашар балаларға арналғанын айтып өтті.
«Барша қазақ елінің, күллі мұсылмандардың мүбәрак айы Рамазан берекелі болсын, осы айда тұтып отырған оразаларыңыз қабыл болсын. Қазақ халқы ежелден ата діні мен дәстүріне бекем халық. Біз дінімізді дәстүрімізбен сабақтап, өмірлік ұстанымдарымызды биік ұстап келген елміз. Бала – болашағымыз. Бүгінгі жас буын – ел ертеңінің жарқын болуына жауапты. Ал, олардың білімі мен тәрбиесі сіздер менен біздердің міндетіміз» деп, өкіл имам балалар үйінің меңгерушісі мен қызметкерлерінің өлшеусіз еңбектеріне үлкен алғысын білдірді.
Айта кету керек, бүгінгі балаларға арналған ауызашарда қасиетті айдың қадірін бейкүнә жүректерімен ұғынып, ораза ұстаған жеткіншектер де жетерлік. Олар дастархан басында бас имам Наурызбай қажының ислам құндылықтары, салт-дәстүр, ел жайы хақында айтылған әсерлі әңгімелерімен сусындап, жүздеріне қуаныш ұялады.
Астана қаласындағы «SOS» балалар үйі кешені қаланың көрікті аумағында орын тепкен. Мұнда 100-ге жуық балалар арнайы салынған қалашықтағы 14 үйде тұрады. Тәрбиеші қызметкерлердің айтуынша балалардың білімге деген қызығушылықтары басым, ал мұндағы үйлерде оларға керекті қажеттіліктердің барлығы дерлік қамтылған. Ең бастысы, «жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған» кешегі дана қазақ халқының тектілігі де өшпеген. Бүгінде «SOS» балалар үйіне мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетілуде. Бұған қоса, «Нұр Астана» мешіті қызметкерлері де балалар үйімен тығыз қарым-қатынас құрып, оларға барынша көңіл бөліп, айтулы мерекелерде назардан тыс қалдырмауға күш салып келеді.
Ауызашар соңында, өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы балаларға бата беріп, елдің тыныштығын, балалардың болашағының жарқын болуын Жаратқаннан сұрап, дұға етті.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.07.2014
3946
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру