Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Оразадағы оңды іс

06.07.2014 3418 0 пікір

ҚМДБ тарапынан жарияланған биылғы «Дін мен дәстүр» жылы аясында имамдардың алдағы атқарар қызметтері мен бағыттары айқындалған еді. Бас мүфтидің көрсеткен төрт бағытының бірі – қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру мешіт атқарар жұмыстардың да маңыздысы.

Осы орайда ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы жуырда жарияланған үндеуінде күллі мұсылмандардың мүбәрак айы Рамазанда ізгі істерді жиі ұйымдастырып, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға шақырған еді.

Қайыры мол қадірлі айда қайырымдылық істерін жасауды «Нұр Астана» мешіті де жылдағы дәстүрмен жалғастырып, бүгін қаламыздағы көңілі кемшін жандарға демеу болып, азық-түлік үлестіріп, киім-кешек таратты. Атап айтар болсақ, әлеуметтік жағдайы, тұрмысы төмен отбасылармен қатар, тағдырдың сын-сынағына мойымай, тумысынан кемтар, мүгедек жандарды бағып-қағып отырған шаңырақтарға да қамқорлық көрсетілді.

Жиылған жұртшылықты қасиетті ораза айымен құттықтаған ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ардақты ағайын, асыл дініміз ислам – бейбітшілік пен мейірімнің діні. «Көршісі аш отырып, өзі тоқ отырған бізден емес» деп ардақты пайғамбарымыз өз үмметіне өнегелі өсиетін қалдырды.  «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген де дана қазақ аталарымыз. Ата дініміз бен баба дәстүрін үзіп алмау бүгінгі ұрпақтың міндеті. Қасиетті айдағы құлшылық-ғибадаттарыңыз, ұстаған оразаларыңызды Алла қабыл етсін. Бір-бірімізге мейірімді болуға, қамқор болуға ұмтылайық» деп, қадірлі айдың құндылығына тоқталып өтті.  

Осылайша, оразада бастау алған игі шарада 84 отбасы қамтылып, әр отбасыға азық-түлік, киім-кешектер, сондай-ақ, мүгедектерге арналған керек-жарақтар, тренажорлық құралдар таратылды.

Астана өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру