Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әмина апаның ақ батасы

06.07.2014 4519 0 пікір

Жетім балалардың күлімсірегенін  көрудің өзі адамды терең ойға  жетелейді  екен. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жетімдерге қамқорлық жасау жайлы  тапсырмасымен  Алматыдағы «Таугүл-3» мешітінің ұжымы «Перзент» балалар  үйінің тәрбиеленушілеріне  ауызашар берді. Қараусыз қалған балаларды бауырына басып, пана болған Әмина қажы Әжібаеваның бүлдіршіндерді ислами тәрбиемен бағып келе жатқаны белгілі. Қашанда сақадай сай тәрбиесімен елді сүйсіндірген Әмина апаның «отбасы»  қаладағы көлік кептелістеріне қарамай, ауызашар уақытысында дәл келіп жетті. Қаздай тізіліп дастархан басына жайғасқан балалар ең алдымен дұғаларын жасап, оразаларын ашып,  ақшам намазын оқуға асықты. Тайлы тұяғына дейін мешіт имамы Нұржан Таласұлының артына ұйып, парыздарын өтеген  жамағат ақ дастархан басына қайта  жайғасып қасиетті айда ұсынылған дәмге қолдарын созды. Ия, балалардың  жүздеріне қарап, осынша баланы бауырына сыйғызып қана қоймай, күнделікті  ас-ауқаты, киім-кешектері, тәлім-тәрбиесіне дейін игеріп отырған Әмина анамызға шексіз Алла разы болсын дейсіз. «Әмина апамен дастархандас болсақ»,- деп біршама кәсіпкерлер де ауызашарға келген екен. Олардың барлығына жетім бағудың сауабы мен шариғаттағы маңызын айтқан Нұржан Таласұлы  балалардың басынан сипап, жылы лебізін  жаудырды.  Ал аузын ашса, өмір хикметтері төгілетін  Әмина қажының да әңгімесі жиылған жұртқа ерекше ой тастады. Дастархан басындағы бүлдіршіндердің жәудіреген көздері  кеудесінде  иманы бар кез-келген жанды ойға қалдырмауы мүмкін емес. Бала тәрбиесіндегі Ислам дінінің маңыздылығын айтқан Әмина апаға кей азаматтар  «еркелігі асқынған» балаларын уақытша қалдыруға да ниеттері бар екен. Мұның барлығы Ислам дінінің шарапаты екені сөзсіз. Бір шаһарда жанымызда жүрген жетімектерді  қаңғыртпай Әмина апайдың бауырына жиған Алланың хикметі өзгелерге ой саларлықтай.

Ал ауызашар соңында балалар өздері шығарған, жаттаған өлең-тақпақтарын айтып, ауызшардың сәнін аша түсті.  «Таугүл-3» мешіті ұжымы балаларға сый-сыяпаттарын жасап, естелік суретке түсті.

Иә, қасиетті Рамазан айы қайырымдылық пен мейірімге тұнған мереке. Жақсылықтар еселеніп, сауаптар көбейетін құтты ай. Сондықтан, ағаларының қамқорлығын сезінген тастандылардың жүрегінде  мұндай шаралар сәулелі сәт болып қалары сөзсіз. Ал «Таугүл-3» мешіті осындай қайырымдылық ауызшарынан  өзге күнделікті мешіт ауласында 200-ден аса адамға ауызашар жасап жатқанын айта кетейік.  Жақсылықтар көбейсін!

                                                Алматы қаласы
«Таугүл-3» мешіті

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру