Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Облыс әкімі ауызашар жасады

01.07.2014 3323 0 пікір

Маусым айының 30-ы, яғни қасиетті Рамазан айының  үшінші күні  Павлодар облысы  орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде облыс әкімі Қ.А.Бозымбаев  Рамазан айының құрметіне орай облыстың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, қадірлі ата-апалар, мешіт жамағаттары,  зиялы қауым өкілдерін қамтыған барлығы 300-ден астам адамға  ауызашар дастарханын жайды.  ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман қажы Ермекұлының ата-бабалар рухына бағыштап Құран Кәрім оқуымен басталған ауызашар барысында еңбек ардагері Түгелбаев Әбілхақ аға, Зара Қабдешқызы қатарлы ел ағалары сөз алып жиналған қауымды мүбәрак Рамазан мерекесімен құттықтады.

Сөз кезегін алған облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы  өз сөзінде: 

- Рамазан – рухани жаңару айы. Бұл ежелгі мейрам исламның рухани негіздеріне зер салдырып, мұсылмандарды өнегелі құндылықтар мен игі істер жолында біріктіреді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» деп ерекше атап өткен болатын. Алла тағала қазақстандық мұсылмандардың біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының өркендеуі мен еліміздегі татулықтың, ынтымақтың, келісімнің сақталуына дұға еткен ғибадаттары мен игі істерін қабыл етсін деді.

Келесі кезекте қасиетті Рамазан айынан кейін облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті ғимаратына жасалатын күрделі жөндеу жұмысы, мешіт ғимаратының сән-салтанатын арттыру бағытында мамандардың жасаған арнайы  архитектуралық жобасының тұсаукесері ұсынылып, жиналған қауымға таныстырылды.

Ауызашар ақсақалдардың алғыс-баталарымен байыды.

Алланың рақымы мен кешіріміне бөлейтін, әр игі амал еселеніп жазылатын Рамазанды асыға күткен баршамызға бұл қасиетті ай құтты болсын!

 

Хадис білгірлерін сұрыптаймыз

Қасиетті Рамазан айына орай  аудан, ауыл, қала мешіттері арқылы  атқарылып жатқан іс-шаралар туралы ҚМДБ-ның  Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Ермекұлы «Ирбис» телеарнасына сұхбат берді. Өкіл имам тілшілерге берген сұхбатында:

- Биылғы қасиетті Рамазан айын облыс көлеміндегі барлық мешіттер үлкен дайындықпен қарсы алды. Барлық аудан имамдары аудандық газеттер арқылы халықты Рамазан айымен құттықтап, қасиетті айдың құндылығы туралы кең көлемде уағыз мақалалар жариялатты. Сонымен қатар облыстық «Сарыарқа самалы»,  «Звезда прииртышья», «Ертіс дидары», қалалық «Шаһар» газеттері , «Қазақстан-Павлодар» телеарналары арқылы өкіл имамның «Тікелей желіде» сұрақ-жауап түріндегі сұхбаттары жүрілді. Рамазан айының құрметіне орай облыс көлемінде алғаш рет «Азан дауысы» атты сайыс ұйымдастырылып, мешіттер мен жамағаттар өте белсенді қатысты. Сондай-ақ қала, аудандардың негізгі көшелеріне, мешіт аумақтары мен  аулаларына  «Рамазан айы мүбәрак болсын!» деген билбордтар мен баннерлер  ілінді. Әр мешіттер Рамазан айының құндылығы, ораза ұстауға байланысты 4-6 түрлі бүктемелермен қоса Рамазан кестелері   молынан жасалып  халыққа таратылды. Міне бүгін, яғни Рамазан айының үшінші күні облыс әкімі Қ.А.Бозымбаев облыстық орталық мешітте еңбек ардагерлері, қадірлі аталар мен апалар, зиялылар, өнер адамдары мен мешіттердің ақсақал жамағаттарын қамтыған ауызашар ұйымдастыруда.

Алда қасиетті Қадір түні құрметіне арнап мешіт жамағаттары  арасына арнайы бағдарлама бойынша «Қырық хадис» тақырыбында хадис білгірлерінің сайысын ұйымдастырып, жүлделер үлестіретін боламыз. Өңірлік барлық БАҚ-тар мешіт имамдарымен бірлесіп  ай бойы өздерінің әр санына Рамазан айы туралы арнайы беттер әзірлеп, уағыз-насихат жүргізуде дей келе, Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп еткей!-деп өз сөзін аяқтады. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру