Біздің елімізде ораза ұстайтын адамдардың саны жылдан жылға көбеюде. Әсіресе өнер адамдары қасиетті Рамазан айында той-томалақты азайтып, ауыз бекітіп, ауызашар беріп, имандылыққа бет бұрып келеді.
Он екі айдың сұлтаны, ең қасиеттісі – Рамазан болса, осы айда күллі мұсылманға парыз етілген ораза – адамзатқа берілген мейірімді мүмкіндік.
Осы орайда "Алаш айнасы" Ораза қарсаңында өнердегі азаматтардың халқына деген тілек-ниеттерін оқырмандарымен бөлісіп отыр. Отыз күні ораза тұтып, Аллаға құлшылық еткен пенде күнәлардан құлан-таза айығуға, жаман әдеттерінен арылуға, нәпсісін тәрбиелеуге, кешірімді болуға, өзінің мінезін өзгертуге мүмкіндік алады.
Осы жолғы Рамазанның оразасы дәл шілденің шіліңгір айына тұспа-тұс келіп тұр. Күні ұзақ, ыстық әрі түні қысқа шілдедегі оразаның күрделіліге қарамастан биыл да ораза тұтуға ниет еткендер көп.
Досымжан Таңатаров, әнші: Өзім оншақты жыл болды, Оразаны үзбей ұстап келемін. Жұбайым, ұл-қыздарым да ауыз бекітеді. Өзгелерді де Ораза ұстауға шақырамын. Өйткені Рамазан – Алланың нығмет мен ырыздық беретін айы. Бұл барша ағайын-туыстың, еліміздің, халқымыздың аман-саулығын, береке-бірлігін тілейтін уақыт.
Әр қазақ Ораза тұтып, жақсы тілек тілесе нұр үстіне нұр болар еді. Аллаға шүкір, өзім білетін, араласатын өнер адамдарының бәрі Ораза ұстайды.
Өнерде жүрген азаматтардың үлкені бар, кішісі бар, 80 пайызы Ораза ұстап, ауызашар береді десем қателеспейтін шығармын.
Қасиетті айда әнші-бишілер, ақындар, күйшілер, барлығы тойды-думандарды азайтып, мешітке барып, Ораза ұстайды. Рамазан айында туыс-туғандармен бас қосып, дос-жарандармен ауызашарда дастархан басында кездесіп, әңгімелесіп бір жасап қаламыз.
Алдағы Оразаға дайындығымыз жақсы. Өзім араласатын дос-жарандарым осы бастан ауызашар күндерін белгілеп қойды. Отыз күннің 20 күнін ауызашар беретін ағайын-туыс, достарға баруды белгілеп қойдық.
Қалқаман Сарин, ақын: Ес білгелі Ораза тұтып келемін десем де болады. Әйтеуір шама-шарқымызша жылда ауыз бекітіп, Алладан халқымыздың амандығын тілейміз. Жалпы өзімнің ортам тұтас ораза ұстайды десем артық айтқандық емес. Отыз күнді отыз отбасы бөліп алып кезек-кезек ауызашар береміз. Бұл бір асып-тасқандықтан емес.
Менің араласатын достарымның арасында өнер адамдары да, зиялы қауым да, жастар да бар. Мейрамханаларда ауызашар беріп жататын достарым бар. Жылдан жылға ортамыз кеңейіп келеді. Біздің орта отбасыларымен жылда ораза тұтуды, ауызашар беруді жақсы дәстүрге айналдырған. Әр Рамазан айын сағынышпен, құрметпен, ықыласпен күтеміз, қарсы аламыз.
Оразаның барлық нығметтерін айтып жеткізу мүмкін емес. Рамазанда әр пенде өзінің кемшілігін, түзетуге, мінезін өзгертуге тырысады. Менің халқыма тілерім, Оразадан оразаға төрт көзіміз түгел жете берейік.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
30.06.2014
3774
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру