Ассалаумағалейкум қазақ халқы!
Оразаны қонағындай күткен жалпы.
Шаңырағы әрбір жанның шуақтанып,
Бір жасап, жадырайтын қуаттанып.
(Кеңесбайұлы Асылбек)
Бірде баласы әкесіне: «Әке, мен Рамазан айын өте қатты сағындым. Ол бізді сағынады ма?» - деп сұрақ қояды екен. Сонда асқар таудай әкесі: «Әрине балам ол да бізді сағынады. Сол себепті жылда Рамазан он күн бұрын ерте келеді», - деп жауап қатады.
Міне, биыл асыға күткен Рамазан айы он күн ерте келіп маусым айының 28-ші жұлдызына тура келді. Ақиқатында барша мұсылман Рамазан айын, анасын ұзақ сапардан күткендей күтеді. Ал қоштасарға келгенде қимасын ұзақ сапарға аттандырғандай қиналып жүрегіміз елжіреп, көзімізге жас үйіріледі.
Сыр жағасында орын алған Қызылорда халқы да Рамазан айын ерекше сағынды және сарғая күтті. Себебі, ораза адам баласын сабырлыққа үйрететін үлкен мектеп. Бұл айда адамдар тек ішіп-жеуге ғана ауыз бекітпейді, сонымен қатар Алла разы болмайтын күллі істерден де бойын аулақ салады.
Он екі айдың сұлтанын сағынышпен күтіп жүрген қала тұрғындары үшін, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен Қорқыт ата университетінің студенттер сарайында «Қош келдің Рамазан!» атты тегін мерекелік іс-шара болып өтті.
Мерекелік бағдарламаның алғы сөзін Бас имам Талғат Омаров: «Сіздерді Қазақсатан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің сондай-ақ, өзімнің атымнан өздеріңізді адамзатты игілік пен ізгілікке бастайтын, ақ пен қараны ажыратар Құран Кәрім түскен мүбарак Рамазан айымен Қызылорда облысының халқы мен қонақтарын құттықтаймын», - деп бастады.
Бағдарлама барысында дәстүрлі және діни әндер шырқалып, қонақтарға сұрақтар қойылып дұрыс жауап берген адамдарға сыйлықтар таратылды.
Сонымен қатар, шарада «Көршінің ақысы», «Жақсылықта жарысайық» атты тақырыптарда көзге жас үйіртіп, ой саларлық көріністер қойылып, халыққа «Қош келдің Рамазан!» атты бейне ролик көрсетілді.
Мерекелік бағдарламаны өткізудегі басты мақсатымыз халыққа кішкене болсада Рамазан айының қадір қасиетін түсіндіріп, ұлықтығын жеткізу болатын және де бұл көздеген мақсатымыз орындалғандай болды. Оны қонақ болып келген халықтың жүзінен ап-айқын көрініп тұрды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы
бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.06.2014
4147
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру