Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жазғы сауат ашу курсынан балалар да, ата-аналар да дән риза

27.06.2014 4055 0 пікір

Жаз жайнатып, күн күлдіріп!
Біз мешітке барамыз!.. Оқу жылы аяқталған сәтте балаларға есігін айқара ашқан  Алматы мешіттеріндегі діни сауат-ашу курстары да өз мәресіне жетті. Алматы «Таугүл-3» мешітінің ұжымы бір ай бойы қырық шақты бүлдіршінге имандылық әліппесін үйретіп,  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірімен таныстырып, күнделікті қажетті дұғаларды жаттатып қана қоймай, Отанын, ата-анасын құрметтеу секілді асыл қасиеттердің мәнісін аят-хадистермен тереңірек ұғындырды. Қасиетті Рамазан қарсаңында жазғы сауат ашу курсының аяқталу шарасын өткізген мешіт ұжымы ата-аналарға нәтижелерін ұсынды. Шәкірттердің алғырлығы, шалымдылығы жиылған жұртты тәнті етті. Барлығына естелік сыйлықтар беріліп, үздіктер мақтау қағаздарымен марапатталды.

 «Жазғы діни-сауат ашу курсының жұмыс жоспарын 2 ай бұрын белгілеп, тәлім-тәрбиені үш бағытта қарастырдық. Имандылық дәрістері, отансүйгіштік сезімін арттыру  және қолөнерлік қабілеттерін дамыту мәселелерін жоспарлаған  жазғы демалыс курсына  негізінен тұрмысы төмен отбасыларының балаларын қамтуға тырыстық»,-дейді  бас имам Нұржан ТАЛАСҰЛЫ. Қасиетті Рамазанға байланысты курстың бір аймен шектелгенін айтқан Нұржан ТАЛАСҰЛЫ балалардың жазғы  маусымын тиімді пайдалану шарасы болашақта  жалғасатынын айтып өтті. Ал балалар болса, бір айдың тез өте шыққанын айтып,  қимастық сезімдерін  аңғартты. Оңтүстік Астананың көрікті жерлері, хайуанаттар бағы, Тұңғыш президент саябағымен танысқан оларды әсіресе Бас мүфтимен кездесу ерекше әсерлендіріпті.  Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен шаһардағы барлық мешіт жанындағы сауат курсы өрендерімен жүздескен  Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ лебізі балаларға  ерекше әсер етіп, олар ата дінімізге, білімге деген құштарлықтарын  арттырғанын шаттана айтты. Мәнді де сәнді өткен бір айлық жүрекжарды әсерлерін жарыса жеткізген шәкірттер «Таугүл-3» мешіт ұжымына алғыстарын жаудырып, Алла қаласа, келер жылы міндетті түрде жазғы сауат ашу курсына жазыламыз дейді. Ал ата-аналар болса, мұсылман өміріне күнделікті қажетті  дұғаларды жатқа айтып, мінез-құлқында оң өзгеріс болған перзенттерінің жетістіктеріне шексіз риза. Олардың  бірі  Әлия МИЗАМБЕКОВА  Астанадағы 8 жасар немересі Дарияны  осы лагерьге арнайы шақыртып, ал Биғанша СЕЙДАХМЕТОВА осыдан 7 жыл бұрын бақилық болған құрбысының баласы Тәуекелдің жүрегі иман нұрымен сусындап, Құран әріптерін танығанына ерекше қобалжыды. Биғанша ананың өнегелі  әрекетіне қарап «әке-шешең кетсе де, олардың көзін көргендер кетпесін» деген халқымыздың даналығы еріксіз еске түсті. Ал қашанда имандылық шараларының бел ортасында жүретін Мәненғазы НҰРПЕЙІСОВ болса, үйде берген дәрісті місе тұтпайтын шөбересі Әлидің мешітке келіп, еркелігінің басылғанын айтып қуанды.  Жаз маусымның бір айын  мәнді де сәнді өткеніне қуанған балалар да,  ата-аналар да «Таугүл-3» мешіт ұжымына алғыстарын жаудырды. Бұл да бір тәуелсіздіктің тәтті жемісі деген олар  еліміздегі имандылыққа барынша ұйытқы болып отырған ҚМДБ-ның бағыт-бағдарлы еңбектеріне, сауапты да салиқалы істеріне ақ баталарын үйіп-төкті.

  Айша КЕҢЕСБАЙ
Алматы қаласы «Таугүл-3» мешіті

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру