Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қасиетті айдың қадірін арттырайық құрметті ағайын!

27.06.2014 3374 0 пікір

Міне, мұсылман қауымы үшін әрбір күні ерекше ізгілікке толы қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Жақсылыққа ұмтылған жұртшылық пен Жаратқаннан жарылқау тілеген жұртымыз «Ораза қабыл болсын!» айтып, екі өмірдің бақытына жетелейтін ұлық мерекеде қуанышты көңіл-күйге бөленеді. Биылғы ораза шіліңгір шілдеге, аптап ыстыққа, жаздың нағыз күн қызи түсетін мезгіліне дәл келді. Дегенмен, құлшылықтың қадірін, иманның ләззатын сезінген пендеге бұндай сәттер әсер етпеуі тиіс. Біздің санамызда: «Мен оразаны не үшін немесе кім үшін ұстаймын?», – деген ойлар мен сауалдар жаңғырып тұрғанда «әрбір ізгі амалымды Алланың разылығына арнаймын. Иманым – қос дүниеде бақытты болуымның кепілі», – деген сенімді ұдайы басшылыққа алған абзал. Жақсылыққа қиындықсыз, шөліркеусіз, шаршап-шалдығусыз жету мүмкін емес. Исламның бес тірегінің бірі болған ораза – денсаулығымыздың садақасы. Алла тағала бізге ауыз бекітуге жарайтын денсаулық берді. Ендеше, оны неге Раббымыздың разылығына арнамасқа?! Жаратушы Иенің разылығын көздеп, күні бойы ішіп-жеуден тыйған пендесін Өзі жарылқап, Өзі сауабын, қайырымын беруге уәде еткен. Әр нәрсенің өз қайырымы, рахметі, алғысы болады. Олай болса, денімізді сау еткен Аллаға айтар алғысымызды ораза ұстаумен білдірсек, қандай ғанибет! Отыз күн ораза ұстау, ауызашар істеу – ата-бабадан келе жатқан діни дәстүр екендігін де жадымызда ұстайық, дәстүрден жаңылмайық. Шіліңгір шілдеде ораза ұстап, иман сыналатын сәттен сүрінбей өтуге мүмкіндік мол. Біздікі: «Ниетімізді туралап, сауабы теңдессіз құлшылық айынан құр қалмайық», – деген тілек. Құран Кәрімде: «Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза ұстау парыз етілді» деп хабар берген. Бүгінде тәуелсіз еліміздің мешіттерінде діни ғұрыптарымызды кеңінен атқаруымызға мол мүмкіндік бар.

Мінекей, құрметті қауым! Рамазан айының әрбір күні есепсіз сауапқа толы. Оны иеленуге бізге мүмкіндік берілген. Сол мүмкіндікті пайдаланып, рухани тазару мен тектілікті сақтауға амал етейік. Ораза айын абыроймен атқарып, айдан аман, жылдан есен болуды барша жұртымызға нәсіп етсін. 

Қарағанды облыстық
орталық 
мешітінің
баспасөз хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру