Рамазан айында мыңға жуық елордалықтарға ауызашар дастарханы жайылады. Оразаның алғашқы күнінен бастап қала мешіттерінде тарауих намаздары оқылып, онда елге белгілі қарилар Құран хатым түсіреді. Сондай-ақ, мейірім мен рахымның, қайырым мен берекенің айында қайырымдылық шараларын да көптеп ұйымдастыру қолға алынған.
Осы және қасиетті рамазан айының құндылықтары жайында бүгін «Бәйтерек» халықаралық баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов жиылған журналистер қауымына кеңінен баяндады.
Өкіл имаммен бірге «Әзірет Сұлтан» және «Нұр Астана» мешітінің найб имамдары Қуат Мінуаров пен Асхат Сәлімов қатысып, онда ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының биылғы үндеуі насихатталып, қадірлі айдағы қадір түні мен рамазан құндылықтары жайында кеңірек мағлұмат берілді.
Бас мүфтидің «Иманымыз бен бірлігімізге бекем болайық!» үндеуіндегі: «Қасиетті айда күнәға жетелейтін, Алланың ашуына шақыратын барлық жаман істерге жол бермесек екен. Қоғамдық көліктерде жол ақысы арзандатылса, күнделікті тұтынатын заттарға жеңілдіктер жасалса, асханаларда ауызашар мезгілінде қайырымдылық акциялар ұйымдастырылса, ұжымда, кәсіпорындарда, әсіресе, құрылыс салаларында ауыз бекіте жүріп жұмыс істейтін бауырларымызға құрмет көрсетіліп, түсіністік танытылып жатса, нұр үстіне нұр дер едік. Рамазан айында берілетін Құдайы тамақтар ауызашар уақытында ұйымдастырылса» деген ізгі тілектерін тілшілерге жеткізе келе өкіл имам мұсылманшылығы мен қазақы болмысын сан ғасыр бойына саф алтындай сақтап келген бабалар салған сара жолдан ауытқымай, бірлігімізге бекем болу – бүгінгі ұрпақтың мойнындағы міндеті, отан алдындағы парызы деді.
«Өздеріңізге белгілі, ислам діні адамзат игілігі үшін түсірілді. Қасиетті айда баршамыз жұмылып, бірігіп, шама шарқымыздың келгенінше мұқтаж жандарға, жетім-жесір, қарт кісілерге көмегімізді аямайық. Сауабы мол айды лайықты өткізуге атсалысуларыңызды сұраймын. Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөзі бар. Қоғамның қалыптасуындағы сіздердің рөлдеріңіз орасан зор. Ардақты пайғамбарымыз «Дін - насихат» деп, үмбетіне өсиет етті. Осы орайда сіздердің ел мен елді, ұлт пен ұлысты жақындастыруда атқарар еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Осы себепті қадірлі айдың құндылықтарын бірігіп насихаттауға, елмен етене жақын қауымның бірі болғандықтан, асыл діннің қазынасын кеңірек таратуға шақырамын» деді өкіл имам.
Сондай-ақ, дін өкілдері қасиетті айдағы қадір түні шілденің 23-інен 24-іне қараған түні келетінін, ал ораза айт мейрамы 28-шілде күні таңғы сағат 7:00-де айт намазымен басталатындығын да айтып өтті. Ал, биылғы пітір садақасы 200 теңге мөлшерінде бекітілді.
БАҚ өкілдерімен өткізілген басқосу соңында Наурызбай Тағанұлы барша жұртшылықты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, Алладан барша ел азаматтарына, әр отбасыға амандық, береке тілеп, ізгі айда жақсылыққа шақырудан, ізгілікке үндеуден шаршамауға, сауапты айдың сансыз жақсылығынан үлесті болуға шақырды.
Жайық НАҒЫМАШ
ummet.kz
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.06.2014
2800
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру