Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфти - Жезқазған аймағында

26.06.2014 3568 0 пікір

Маусым айының 25-і күні  ҚМДБ-ның Жезқазған аймағына арнайы іс-сапармен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазірет, наиб мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Ағыбайұлы Оңғаров, ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Алмасұлы Әзілханов және ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Сатыбайұлы Абдақасов келді. Бірінші кезекте «Ахмет ишан Оразайұлы» атындағы Жезқазған аймақтық мешітінде болып, ақшам намазынан соң мешіт жамағаты ақсақалды қариялар, орта буын өкілдері және жастармен жүздесті. Жезқазған аймақтық мешітінің өкіл имамы Қабылбек Әліпбайұлы келген қонақтарды мешіт асханасының дастархан басында жиналған жамағатқа таныстырды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы барша мұсылман қауымын алдымызда  сағындыра келе жатқан Рамазан айымен құттықтады. Барлық мұсылманның бір-біріне бауыр екендігін Пайғамбармыздың (с.ғ.с) хадисінен мысал келтіріп, өзіміздің арамызда сұрастыра келе ағайын-туыс, құда-жекжат, нағашы-жиен болып шығатынымызды айтып өтті. ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Алмасұлы сөз кезегінде үш жүздің басын қосқан Ұлытау өңіріне сәлемін жолдап, Жезқазған аймағына көршілес Қызылорда облысының тумасы екенін таныстырып өтті. Жастарды егеменді еліміздің жарқын, бейбіт болашағы үшін аянбай қызмет етуге шақырды. Кездесу барысында ақсақалдар атынан Ахметов Дүйсенбай қажы, Қонарбаев Серік қажы, Үңгітбаев Қадыр қажыларымыз  өздерінің жылы лебіздерін, бата-тілектерін айтып жатысты. Серік қажы Қонарбаев ақсақал ең маңыздысы «Дін мен дәстүр» сабақтастығы барлық жерлерде бірге насихатталғанына дән ризашылығын айтып, Бас мүфтиге алғысын жеткізді. Наиб мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы қасиетті Рамазан айының ерекшелігі, Қадір түнінің сауабы жайлы кеңінен түсіндірді. Салт-дәстүрдің шариғаттағы орны жайлы Құран аяттарынан мысал келтіріп, тартымды уағыз-насихат айтты. Кездесу соңында Серік қажы қариямыз келген қонақтарға батасын беріп: «Ел іргесі аман болсын, Бейбітшілік заман болсын, осы отырған бәріміз аман болайық» – деген дұға-тілекпен тарқасты.

ҚМДБ-ның Жезқазған аймағы
бойынша баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру