Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфтидің үндеуі шалғай ауылдарда насихатталды

24.06.2014 3891 0 пікір

Міне, барша исі мұсылманның сарғайа асығып, сағынышпен күткен Әз Елші Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмбеттерінің айы, қасиетті Рамазан айының есік ашуына да санаулы күндер қалды.

Бұл күндері әрбір мұсылман адам қарбаласпен Рамазан айына дайындықтарын бастайды. Бірі үйін сырлап, бірі ас ауқаттарын дайындап үйлерін безендіріп жатса, енді бірі Алла разылығы үшін ауыз ашар беруге дайындалып оның тізімдерін жасай бастайды. Қарапайым адамдар да осылайша дайындалып жатқанда бұл тарапта Діни басқарма мен мешіттерде қапы қалмайтыны сөзсіз. Осыдан бірнеше күн бұрын Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Қазақстан халқына арналған үндеуі шықты.

Үндеуде Бас Мүфти Рамазан – тәлім мен тәрбие, жасаған жақсылықтардың сауабы еселеніп жазылатын, Жаратушы Иеміздің жарылқауына, рақымына бөленетін ай екенін айта кетіп, былайша халыққа үндеу жолдады: «Қасиетті айда күнәға жетелейтін, Алланың ашуына шақыратын барлық жаман істерге жол бермесек екен. Қоғамдық көліктерде жол ақысы арзандатылса, күнделікті тұтынатын заттарға жеңілдіктер жасалса, асханаларда ауызашар мезгілінде қайырымдылық акциялар ұйымдастырылса, ұжымда, кәсіпорындарда, әсіресе, құрылыс салаларында ауыз бекіте жүріп жұмыс істейтін бауырларымызға құрмет көрсетіліп, түсіністік танытылып жатса, нұр үстіне нұр дер едік. Рамазан айында берілетін Құдайы тамақтар ауызашар уақытында ұйымдастырылса».  

Осы үндеуді шалғайда жатқан ауыл тұрғындарына жеткізіп насихаттау үшін ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Талғат Сейіткәрімұлы жанына орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы Гаджиев Мұхтар мен қалалық «Айтбай» мешітінің Бас имамы Алпамыс Тлеубергеновты ертіп Жаңақорған мен Шиелі аудандары мен ауылдарын аралады.

Өкіл имам Жаңақорған ауданына қарасты барша имамдарды жинап Бас мүфтидің үндеуін және бұйрығын таныстырып, барлық тапсырмаларды жіті орындауды тапсырды. Сондай-ақ, Талғат Сейіткәрімұлы имамдарға әрбір келген адамға жылы шырай танытып жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіп, өздерінің сөйлеу мәдениетімен, киім кию әдептеріне мұқият көңіл бөлуді және мешіт тазалығына қарауды қатаң түрде тапсырды. Жиыннан кейін Өкіл имам бастаған топ осы ауданға қарасты Сүттіқұдық ауылының мешітіне ат басын бұрды. Мектептен мешітке айналған ғимаратты көргенде имамдарда өз таңданыстарын жасыра алмады. Себебі, аядай ғана мешіт керемет жарықтандырылып, ішіне кітап қорын жинап кітапхана жасалып, көненің көзі болған бірнеше ғасырдың куәсі болған кітаптарда қойылған және жөндеу жұмыстары өте көркем түрде жасалғаны көрініп тұрды. Бұның бәрін қарт болсада жастай құлшынып білек сыбана қызмет атқарып жүрген Әдбіғаппаров Тұрсынхан ағамыз.

Тұрсынхан ағамызға Өкіл имам өз ризашылығын жеткізіп бұдан әрі Алла жолында талмай қызмет етуге шақырды.

Жаңақорған ауданынан кейін Өкіл имам бастаған топ ат басын Шиелі ауданына бұрды. Бұл ауданда да имамдарды жинап Талғат Омаров ауқымды мәжіліс жасап, Бас мүфтидің үндеуі мен бұйрығы таныстырылды.

Дін жолында аянбай қызмет етіп жүрген әрбір адамға Алла күш қуат беріп, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін. Әмин!

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойыншы өкілдігі
Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің
баспасөз хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру