Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сауат ашу шәкірттеріне арналған мерекелік шара өтті

23.06.2014 3975 0 пікір

Маусымның 1-інен басталған бір айлық сауат ашу курсының аяқталуына орай, Мұнайлы аудандық орталық мешітінің  ұйымдастыруыменен мейрамхана төрінде мерекелік шара өткізілді.

Атамекен ауылында орналасқан аудандық мешіттің биылғы сауат ашу курсында 8 және 10 жас аралығындағы 170 бала оқып шықты. Намаз оқып үйреніп, сүрелер мен дұғалар жаттап, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) өмірбаянымен танысқан шәкірттер үшін ұстаздарымен қоштасу қимастық туғызды. Балаларға жарқын көңіл күй сыйлап, білім алуда озып шыққандарын марапаттау үшін ұйымдастырылған шарада шәкірттер өздерінің қуанышты сәттерін ұстаздарымен және ата-аналарымен бірге бөлісті. Шараға қатысқан өкіл имам С.Сейтбеков балалардың ата-аналарына алғыс айтып, дініміз Исламның әдептілік пен тәрбиеден тұратындығын, дінін білген бала Отанын сүйіп, еліне қорған болатынын жеткізді. Мұнан кейін ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, шәкірттерге баталарын берді. Мұнайлы аудандық ардагерлер алқасының төрағасы  Егізқараев Құлжан: «Бүгінгі бейбіт күннің бағасын біліп, білімді шәкірт боп өсіңдер, Елбасымыз сіздерге жақсы жағдай жасады,  мешіттерде сауат ашу курстары кеңінен жолға қойылды. Мұның барлығы сіздердің жақсы азамат боп өсулеріңіз үшін жасалған жұмыстар» деді.

Мұнан кейін жиналғандарға өзге елдердегі жас балалардың білім алудағы қиындықтары, олардың аш- жалаңаш күйлері баяндалған бейнероликтер мен «Соқыр ана» көркем фильмі көрсетілді. Жиын соңында өкіл имам С.Сейтбеков ынталандыру мақсатында 25 сүре жаттаған 10 шәкіртке арнайы марапаттау қағазын табыс етті. Атамекен ауылдық мешітінің бас имамы А. Муталиевтің айтуынша, балалар бір айлық сауат ашу курсында тек сабақ оқып қана қоймай, спорттық жарыстарға да қатысқан. Мәселен, ұлдар арасында футбол, асық ату, арқан тарту, білек күші сайыстары өтсе , қыздар арасында жүгіру, жіптен секіру жарыстары өткізілген. Жеңімпаз балаларға арнайы сыйлықтар жасалып, кітаптар берілген. Жүздері бал-бұл жанған шәкірттер бір айдың зымырап өте шыққанын айтады. «Бізге уақытымызды мешітке өткізген ұнайды. Өйткені біздің ұстаздарымыз өте мейірімді. Біздерге көп нәрсені үйретеді», -дейді 8 жасар Манас. «Мешіт ұстаздары Асга Юнус, Оспан Әбдірахман, Жәудір Ибрагимова, Қалбибі Ыбырайымқызына алғыстарымыз мол»,-дейді 9 жасар Самалдың анасы Балым апа.  Атқарылған сансыз шарадан мешіт имамының еңбегі қашанда көрініп тұрады. Атамекен ауылдық мешітінің бас имамы Айдос Муталиевтің ұйымдастырушылық қабілеті мен дін ісін жаюда еңбегі орасан.  Келген қонақтар Айдосқа алғыстарын айтып, ел ықыласына бөленіп, сауапты істерді молынан атқара беруіне тілектестік білдірді.

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің
баспасөз қызметі

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру