Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ораза – бізге аманат

20.06.2014 4307 0 пікір

Ардақты әлеумет! Санаулы күндерден кейін ел есігін күллі мұсылман әлеміне мүбәрак болған Рамазан айы ашқалы тұр. Түймедей амалымызға таудай сауаптар жазатын, Алла тағаланың адамзат баласына мейірім-рахымын төгетін, күнәлар кәффарат етілетін, дұға тілеген алақандар кері қайтарылмайтын айға басқан қадамдарыңыз оң болсын.

 Жыл сайын Рамазанды сағына, сарыла күтетін көпшілік ораза айы жайлы толығырақ мәлімет алғысы келеді. Осы жайттарды ескере отырып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігі, "Нұр Астана" орталық мешітінің ресми Ummet.kz сайтынан қасиетті Ораза айына арнаулы парақша ашылғанын қуанышпен хабарлағымыз келеді.

Бұл парақшада оразаның Алланың елшісі Мұхаммедтің (с.а.с.) үмметіне парыз болуы, оразаның хикметтері жайлы «Мақалалар», рамазанның нығметтері жайлы Пайғамбар өсиеттері топтастырылған «Хадистер», мұсылмандардың парыз ғибадатына жататын ораза құлшылықтарының шарттары жайлы «Ораза ғылымхалы» айдарын көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Бұған қоса, ораза айының кестесі мен Рамазан құндылығына арналған видеогалерея да іске қосылды.

Бүгінде елордалық мұсылман қауымына белгілі, жылда Рамазан айында күн сайын 300-500 орындық ауызашар дастарханын үзбей жасап келеміз. Осы игі дәстүрден жаңылмай, ауызашар жасауды биыл да қолға алып отырмыз. Алланың есепсіз сауаптарынан үмітті, кәсіп дөңгелеткен азаматтардың ізгі іске атсалысуларына үлкен мүмкіндік осы айда ғана екенін қаперде ұстайық. Ізгі ниетті азаматтар осы парақшада көрсетілген «Кесте» айдарынан ауызашар беруге бос күндерді өз ыңғайларына қарай алуларына болады.

Өздеріңізге мәлім, пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір хадисінде «Кімде-кім ораза ұстаған жанды ауызашарға шақырып тамақ беріп аузын аштырса – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді»[Тирмизи] делінген. Сондай-ақ, «Көршісі аш кезде өзі тоқ болған адам бізден емес» деген хадистер мұсылман қауымына бір-біріне жомарттық, мейірімділік көрсетуге бұйырады. Мейірім көрсетпегенге мейірім болмайтынын сіз бен біз өте жақсы ұғынуға тиістіміз.

Қым-қуыт тіршіліктің сан қырлы сынақтарына түскен мұқтаж, әлеуметтік тұрмыс ахуалы төмен жандарға қол созайық, арамызда ауыз ашуға ас таппаған мұсылман бауырларымыздың болуы сіз бенен бізге сын. Бұл ретте айтпағымыз, бір күндік жамағатқа жайылар дастарханның қаражатын ауқатты, дәулетті ағайындарымыз болмаса, көпшілігіміздің көтере алмасымыз анық. Сол себепті, он адамның, бес адамның не болмаса бір адамның бір күндік ауызашар асына жұмсалар қаражатты көтеремін деушілерге әрдайым мүмкіндік бар.

Теңіз тамшыдан құралады, ағайын. Жасаған жақсылығының қайырын адамнан емес, бір Алладан күткен Мұхаммедтің (с.а.с.) үмметіне лайықты игі мұсылмандардан болуымызды Жаратқан нәсіп еткей. Оразаларыңыз қабыл болсын! 

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру