Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бірлік пен ынтымаққа шақыратын басқосу

17.06.2014 3333 0 пікір

Биылғы жыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы тарапынан «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай аймақтардағы өкіл имамдардан негізінен үш бағыт бойынша іс-қимыл жасау сұралып, тапсырма жүктелген болатын. Сол бағыттардың бірі: Уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру, жұртымызды ізгілікке, бірлік пен ынтымаққа шақыру. Дінбасының жоғарыдан төменге жүктелген тапсырмаларын үнемі басшылыққа алып, соны аудан имамдарынан да талап етіп отыратын Өскемен өңірінің өкіл имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы өткен жұма күні үлкен іс-шара өткізді.

 Аталмыш шара елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып, облыс орталығы Өскемен қаласында атап өтілген, жұртшылықты елдікпен бірлікке үндейтін «Жерлестер форумымен» тұспа-тұс келуі кездейсоқтық емес. Өйткені, ҚМДБ-ның да көздегені зиялы қауым өкілдерімен жиі басқосулар өткізіп, қалың бұқараны бірлік, береке, ынтымақ төңірегіне топтастыру болып табылады. Халқымызды елдік пен бірлікке үндейтін басқосуға шығыс өңірінің соғыс және еңбек ардагерлері,  ақсақалдар алқасының мүшелері, ақ жаулықты аналар, жергілікті жердегі атқарушы билік өкілдері, қажылар қауымдастығы, мешіт намазхандары және барлық аудандардың имамдары арнайы шақырылып, қатысты. Есімі республика жұртшылығына кеңінен танымал жазушы Медеу Сәрсеке, Төкен Ибрагимов және Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімовтар бастатқан семейлік зиялы қауым өкілдері де осы жерден табылды.

 Мешіттің бес жүз кісілік үлкен дәмханасында шақырылған меймандарға арнайы жайылған ақ дастархан басында ең алдымен кешегі сұрапыл жылдары отан үшін отқа түсіп шейт болған боздақтар мен бейбіт өмірде ел ырысын еселеу үшін аяусыз еңбек етіп, көптің құрметіне бөленіп, дүниеден өтіп кеткен ата-бабалар рухына арналып, Құран бағышталды. Өкіл имам Нұрлан қажы Байжігітұлы қадірменді қонақтарға бүгінгі таңда дін қызметкерлері тарапынан жекелей және жергілікті жердегі атқарушы билікпен бірлесе атқарып жатқан іс-шараларды баяндай отырып, елді елдікке, бірлік пен берекеге үндейтін уағызға тоқталды. Өз кезегінде ардагер ақсақалдарымыз бен зиялы қауым өкілдері де өңіріміздегі мешіттердің жұмысына оң бағасын бере отырып, ел тәуелсіздігінің баяндылығы жолында бірлесіп атқаратын жұмыстар көп екендігін де тілге тиек етіп өтті.

Ас соңында өкіл имам Нұрлан қажы Байжігітұлы шараға қатысушы барлық ардагер ақсақалдарымыздың иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпаттар жасады.

 

ҚМДБ-ның Өскемен өңірі
бойынша өкілдігінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру