Иісі мұсылман баласының алдағы рамазан айына дайындығы сыналатын, шаңның тозаңындай ниетіне таудай сауаптар жазылатын қасиетті шағбан айы да сағат санап сырғуда. Бұл – ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) құрметтеген ай, бұл – ізгіліктің айы, бұл – сауабы сансыз рамазан айына береке есігін ашқан ай.
Бұл айда Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) көбірек құлшылық қылатын, жоқ-жітік, жетім-жесірлерге қол ұшын созатын, садақаны көптеп жасайтын. Оның сүннетінен ұстанған сахабалары да шағбан айында сауабы мол істерді көбірек жасайтын.
Бұл айда періштелер жерге түсіп, момын жанның дұға-тілектері қабыл болатын, тілектері қайтарылмайтын Бәраат түні бар. Шағбанның 14-інен 15-іне қараған уақытта енетін бұл түнге «Нұр Астана» мешіті де үлкен ықыласпен қарап, елордалық мұсылман қауымына арнап ауызашар дастарханын жайды.
Адамзаттың ардақтысы Мұхаммедтен (с.ғ.с.) жеткен хадисте «Шағбан айының ортаңғы түні болғанда оны құлшылықпен, ал күндізді оразамен өткізіңдер. Себебі, күн батқанда Хақ Тағала дүние аспанына түсіп, таңатқанға дейін былай дейді: «Менен кешірім тілеуші бар ма екен? Оны кешірейін. Менен ризық-несібе тілеуші бар ма екен? Оған ризығын берейін. Дертіне шипа тілеуші бар ма екен? Дертіне шипа берейін. Кім не қаласа, оған соны берейін» (имам Ибн Мажәһ) делінеді. Пайғамбар өсиетін өнеге тұтқан момын жандарға арнап жайылған ауызашарда ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы жұртшылыққа Жаратқаннан шағбанның шарапаты мен бәрааттың берекесін тіледі. «Қадырменді ағайын. Қасиетті шағбан айында күллі ислам ғұламалары «мүбәрак», «кешірім» деген атаулармен атап кеткен Бараат түні бар. Бір Алланың разылығы үшін барааттың күнін оразамен, түнін ғибадат, дұғамен өткізуге ниет еткен баршаларыңызға Алланың рахым-нұры жаусын. Тамшыдай ниетімізге таудай сауап жазатын Алла тағала баршаларыңыздың отбасыларыңызға береке берсін. Елдің, жердің тыныштығын берсін. Ниеттеріңіз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай» деді бас имам. Бұдан соң мешіт имамдары жамағатқа жайылған ақ дастархан басында ислам құндылықтары, шағбан айы, осы айдағы бәраат түні турасында ғибратты әңгіме, көркем уағыз айтты.
Алла тағаланың құзырына момын мұсылмандардың ізгі амалдары көтерілетін түнде «Нұр Астана» жамағаты салиқалы сұхбат құрып, шариғат шеңберіндегі әсерлі әңгімелермен дастархан басындағы дидарласты. Ас соңынан өкіл имам Наурызбай Тағанұлы дұға жасап, ел тыныштығы үшін еңбек етіп жүрген ел азаматтарына ауызбіршілік, ынтымақ тілеп, жамағатты бірлікте тірлік етуге шақырды.
Жайық НАҒЫМАШ
ummet.kz
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.06.2014
3667
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру