Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Рамазан алғышарты – жамағатқа жағдай жасау

12.06.2014 3005 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы елорда мешіттерін аралап, рамазанға дайындық барысымен танысты.

Мұсылмандардың мүбәрак айы Рамазанды жыл сайын тыңғылықты дайындықпен қарсы алып, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жамағатпен жүздесу, отыз күн үзбей ауызашар дастархандарын жаю, салиқалы сұхбат құру бүгінде елорда мешіттерінде қалыптасқан үрдіс.

Биылғы оразаға да лайықты дайындық жұмыстарын, атап айтқанда, отыз күнге жалғасатын мүбәрак айдағы тарауих намаздарын өткізу, жүйелі уағыз-насихаттар жүргізу, ізгі ниетпен мешіт табалдырығын аттаған адамдарға қызмет көрсету сапасын арттыру жайы өкіл имамның қойған талаптарының алды болды. Сондай-ақ, бас имам рамазан айында әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мұқтаж отбасыларға көмек қолын созу, қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыруды қолға алу керектігін де баса айтты.  

«Діни басқарма төрағасы бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының республика бойынша рамазан айын жоғары деңгейде өткізу мақсатында жүктеген міндеттемелеріне сай, осы аталған тапсырмаларды ойдағыдай орындау әр имамның жауапкершілігі әрі дін алдындағы парызы. Тыңғылықты дайындық мешіт табалдырығынан басталып, имам мінберінде айтылар көркем насихатты көптің көкейіне жеткізе білу шеберліктерін де қамтиды. Сол себепті, жамағатқа етене жақын болуларыңыз, халықтың ортасынан табылуларыңыз керек. Мұның басты кілті жоғарыда бас мүфти жүктеген тапсырмаларда көрсетілді» деген Наурызбай қажы Тағанұлы жауапкершілігі мол дін қызметіне үстірт қарауға болмайтынын ескертті.

Бұған қоса, өкіл имам Наурызбай Өтпеновтің бастамасымен мешіттердегі тазалық пен тәртіпті біріздендіру мақсатында қала имамдарынан құралған арнайы комиссия жасақталған еді. Бүгін осы комиссия тобы да бас имаммен бірге мешіттердің хал-ахуалын барлап, жалпы жағдайдың жақсы екендіктеріне көз жеткізіп, оң бағаларын берді.

Сондай-ақ, бас имам Астана мешіттерінің жұмылып жұдырық, бірігіп білек түре жұмыс істеуге, әрдайым ынтымақты назарда ұстап, аянбай қызмет қылуға үндеді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру