Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАНТ-ның мүшелері БҚО уағыз-насихат жүргізуде

09.06.2014 3648 0 пікір

Әсерлі кездесу

РАНТ-ның мүшесі Рүстем Сыздықов Мәлікұлы Орал қаласына арнайы келді. «Орал» облыстық орталық мешітінде ақшам намазы алдында жиылған жамағатқа  облыс имамы Руслан Сұлтанов РАНТ-ның мүшесі, дінтанушы  Рүстем Мәлікұлын таныстырды. 

Рүстем Мәлікұлы «Бірлік, ынтымақ, қазақ даласынан шыққан ғұламалар мен батырлар» жайында әңгіме қозғады. Батыстан шыққан Сырым, Махамбет батырлар турасында ел бірлігін қорғауда қосқан үлесін, Алашқа есімі алтын әріппен жазылған Жаһанша Досмұхамедовтың еңбегі турасында кеңінен тоқталды. 

«Қазіргі уақытта елбасымыздың асыл дінімізге көңіл бөліп, тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ елінде қаншама мешіттер мен медреселер бой көтерді, сондықтан дәстүрлі дінімізге бой бұрып, рухани білім алуға жастарға өз үлестерімізді қосып, келер ұрпаққа асыл мұратымызды жеткізейік», – деп, Рүстем Мәлікұлы тілегін жеткізді. 

 

Мемлекеттік қызметкерлерге дәріс оқыды

Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен БҚО-ның мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және  біліктілігін арттыру мемелкеттік мекемесінде Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Сыздықов Рүстем Мәлікұлы мемлекеттік қызметкерлердің діни сауатын арттыру бағытында дәріс оқыды.

Жиын барысында теолог маман ислам дінінің елімізде таралу тарихы мен орнын баяндап, бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналған дін атын жамылған ағымдардың шығу тарихы мен зияндылығын түсіндірді. Бүгінгі таңда елімізде қаптап жүрген әртүрлі мүддедегі миссионерлер (уаһһаби-салафилер) ел-жұртты бұра тартып, түлкі бұлаң, айла-шарғыға салып, өз сенімдерін тықпалауын тоқтатар емес. Ең сорақысы – ешбір діни білімі жоқ,арабша хат танымайтын  уаһһаби-салафилер қазақ халқының діни, саяси, ұлттық, біртұтастығына еш қауіпті емес деген сандырақтарын қоғам өкілдеріне ашық жариялауда.

Осындай  кездесу спорт және туризм басқармасы, жасөспірімдерге  арналған спорт мектептерінде болды. Бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналған дін атын жамылған ағымдарға спортшы жастардың көптеп кіруі,  алаңдатып отырғанын айтты. Кездесу соңында қойылған сұрақтарға жауап беріп, діни сауаттылықты арттыру әр адамға міндет және жарқын болашағымыздың кепілі екендігін жеткізді.

 

Телеарнадағы кездесу

Маусым айының 4-ші жұлдызында Республикалық ислами діни бірлестігінің жанынан құрылған Республикалық  ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшесі Сыздықов Рүстем Мәлікұлы облыстық ТДК-42 телеарнасындағы «Шындықпен бетпе-бет» атты тікелей эфирде жүретін бағдарламаға қатысқан еді. 

Аллаһ Тағалаға сансыз шүкір «Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыз тәуелсіздікке қолы жетіп, ата-баба дінімен қайта қауышты. 

Бағдарламада Рустем Мәлікұлы қазақ  халқы қаншама аумалы-төкпелі замандарды, небір нәубеттерге душар еткен бодандық һәм атеистік кезеңдерді  бастан өткерді. Қазір мешіттеріміз жамағатқа лық толы. Соңғы кездері дәстүрлі қазақ мәдениетін терістеп, оны дінсіздік,- деп танитын жастар арасынан да көрініс таба бастады. Бұл айтылып жүрген пікірлердің ұшқары екенін, діни сауатсыздықтан пайда болғанын көзі ашық азаматтар бірден байқайды. Біздің ата-бабалармыздың ешқандай да діни фанатизмге жол бермегені, исламның ақ жолын ұстанғаны белгілі. Себебі, қазақ халқының ауыз әдебиетінде сал-серілердің өлең, жыр-дастандары, орта ғасырлық ғұламалардың еңбектері осының айғағы.

Тура жолды айыра алмаған шала түсінігіміздің арқасында қазіргі кезеңдегі дін мәселелері елімізде бітпес дауға айналып барады. Қандай да бір дәстүрлі дін,  жазбаларды алсақ та, онда адам баласына, жалпы жаратылысқа зұлымдық жасау туралы айтпағаны белгілі. Онда тек мейірімділік, адамгершілік пен  татулық  уағыздалды.

Бұл туралы ел Президентінің жыл сайынғы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларында, жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде оның маңыздылығы аталып, көрсетіліп келеді. Биылғы жолдауында да Президентіміз: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес, діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз»,- деген. Тарихқа жүгінетін болсақ, қазақ елі оңтүстігі мен батысы сонау 8 ғасырда Түргеш қағанаты кезінде Абу Музахим-«Сүзгіш» Сұлық қаған, орталық, солтүстік және шығысы 13 ғасырда Алтын Орда мемлекетінің ұлы хандарының бірі – Береке хан тұсында, соңғы хақ Ислам дінін, оның ішіндегі сүннет жолындағы Әбу Ханифа мәзһабын (әлемдегі барша мұсылмандардың 70-ке жуық пайызы Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады) қабылдаған еді. Қазақ халқы 40-тан астам руға, жүздерге, бай-кедейлерге бөлінсе де, бірақ ешқашан дінде, оның ішінде ең маңызды сұрақта, яғни, Алланың затына (есім сипаттарына) қатысты ілімде, сенімде (ақидада, Аллаһты танып-білуде) бөлінген емес, қырық пышақ болып таласқан емес. Демек, ұлт бірлігіне келетін болсақ, 40-тан астам рудан тұратын қазақ халқы ел басына күн туған аласапыран замандарда бір тудың астына бір атаның баласындай тізе қосып, сырттан, іштен шыққан небір қаскөй жауларға табанды түрде төтеп беріп отырған. Себебі, негізгі діни мәселелерде қазақ халқының көзқарасы бір еді, біртұтас еді. Әйтсе де, кейде асыл дінімізді әр-саққа жүгіртіп, түрлі пікір туғызып, ұлтымыздың Әбу Ханифа мазхәбына, қазақтың біртуартұлғаларының  (Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Міржақып, Халифа Алтай т.б.) діни туындыларына, Елбасы сенім білдірген мүфтияттың (ҚМДБ) фатуаларына қайшы келетін өз көзқарастарын халыққа таратуға тырысқан бәзбір деструктивті діни топтар кейінгі уақыттары ел ішінде қылаң беріп қалуда. Тіпті, санасы сынық, талғамы таяз сырт мемлекеттердегі (Саудия, Мысыр, Пакистан т.б.) күмәнды «шейхтардан» жасырын сабақ алып келген жастарымыз  солардың  айтқандарымен жүр.

Ата-бабамыздың әдеп -ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеп, суына бал тамызып өскен біз, өз менталитетімізден және рухымыздан алыс кете алмайтынымызды түсінгеніңіз жөн. Дін – қазақ халқында осы дәстүрлермен сабақтасып, дұрыс, тату-тәтті және саналы өмір сүрудің кілтіне, жолына айналған.  Көзің ашық, санаң таза болсын, достым! Ұлтымыздың аманат қалған тарихы мен ғұрпын, дінін, тілін құрметтеп сақтайық!

Осындай игі іс «Қазақстан-Орал» телеарнасында өз жалғасын тапты.

 

РАНТ-ның  мүшесі Ерсін Әміре Орал қалалық мешітінде

ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен халыққа асыл дініміздің құндылықтарын түсіндіру, насихаттау, хақ дініміз туралы дұрыс түсініктер қалыптастыру бағытында насихат айтатын арнайы АНТ мүшелері құрылған болатын. Маусымның 2-ші жұлдызында РАНТ-ның мүшелері Ақжайық өңіріне келді. 

РАНТ-ның мүшесі, ҚМДБ-ның Атырау облысы «Иманғали» мешітінің наиб имамы Ерсін Әміре Орал қалалық мешітінің жамағатымен кездесті.  Кездесуде Ерсін Бекайдарұлы «Ғайбат» жайында уағыз айтып, жиылған қауым ұйып тыңдап, мешіт іші жамағатқа лық толы болды. Ғайбаттаудың қаншалықты зиян екенін айта отырып, құраннан, аяттан, сахих хадистерден дәлел келтіріп, кеңінен тақырыпты ашып түсіндірді. Жамағатты бірлікке, ынтымаққа шақырды.

Кездесу соңында жамағат тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алды. 

 


ҚМДБ-ның БҚО бойынша
баспасөз хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру