Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ізгілікте жарысу мүміннің міндеті

07.06.2014 3169 0 пікір

Осыдан бір жарым ай бұрын Таугүл-3 мешітінде мұсылман жамағатын ізгілікке біріктіру мақсатында «Бір айлық өзіңізге-өзіңіз есеп жүргізіп көрдіңіз бе?» – деген тақырыппен мешітке келуші жамағаттардың арасында тесттік бәйге жарияланған болатын. Жамағат Таугүл мешітінің бұл бастамасын оң қабылдап, мұсылмандардың арасындағы бірлікті, ұйымшылдықты, ынтымақты, ең бастысы тақуалықты арттыру жолында таптырмас іс-шара екендігін баса айтқан еді. Сол бәйгеге мешіттің тұрақты жамағаттарынан 68 адам қатысқан болатын. Жамағаттың ішінен оқ бойы оза шыққандарына жұма күні бас имам Нұржан Таласұлы салтанатты түрде сый-сыяпаттарымен марапаттады.

Бас имам өз сөзінде мұндай ізгілікке жарысу пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) заманында сахабалар арасында да болғандығын тілге тиек етті. Мысалы, Хазреті Омар (р.а): «Исламның кең таралуы үшін Расулулла бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі еді. Ішімнен: «Әй, осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба», – дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла Елшісіне әкеліп табыс еттім. Алла Елшісі (с.ғ.с) «Ей, Омар! отбасыңа не қалдырдың?» – деді. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым» – деді хазреті Омар (р.а). Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Расулулла (с.ғ.с) одан: «Ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?» – дегенде оның жауабы мынау болды: «Оларға Алла мен Расулының сүйіспеншілігін қалдырдым». Мұны естіген мен «бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен одан ешқашан да оза алмаспын деп түйдім», – дейді. Сондықтан мұндай ізгілікте жарысуда өзгелерге өнеге көрсетіп салихалы сахабалардың жолын жалғастырған Сманов Ерген, Дүйсебаев Рауан, Жүсіпов Нұрлан, Сүлейман Асмат, Райымқұлов Дүйсебай бауырларымызға Алла разы болсын, – деді Бас имам Нұржан Таласұлы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру