Асыл дініміз Ислам жүрегінде иман нұры бар әр мұсылман баласына жетімнің маңдайынан сипап, оған мейірімділік көрсетуге нұсқайды. Ислам дінінің заңдылықтарын өмір салтына енгізіп, дәстүрмен біте қайнастыра білген ата-бабаларымыз да «Жетім көрсең жебей жүр» деп ұрпағына ұлағатты сөз қалдырды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен «1- маусым халықаралық балаларды қорғау күніне» орай қаламыздағы Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілерімен қатар ұстаздарын мешітімізге қонаққа шақырдық.
Балалар Алла үйін аралап, ішкі құрылысымен танысып, мешітіміздің сәулет өнеріне таң тамаша болды. Жеткіншектерге орталық мешітіміздің найб имамы Абжанов Нұрлан қайырымдылық, мейірімділік, ізгілік турасында жақсылыққа үндеп керемет уағыз айтты. Мешітке шақырудағы басты мақсатымыз – Алла үйін таныстырып, Алланың бізге берген сансыз рызық несібелерін айта отырып, шүкіршілікке шақырып имандылыққа баулу. Бұл мақсатымыз орындалғандай болды. Аллаға сансыз шүкір! Оның бір көрінісі балақайлардың жүзіндегі шат күлкі мен қуанышы және айтылған уағызды да сүйіспеншілікпен тыңдаулары болды. Мешітке келгенде кейбір үлкен кісілердің жасамайтын әдептерін осы балалардан көрдік. Олар сондай ыждағаттылықпен мешіт әдебін сақтап сәлем беріп, дәрет алып содан соң намазханаға көтерілді. Ал қыз балалар дереу бастарына жаулықтарын таға жөнелді. Алла үйіне құрмет көрсеткен бұл балалар әлбетте еліміздің мақтан тұтар азаматтары мен азаматшалары болары сөзсіз.
Мешітті аралап болған соң балалар үшін жайылған ақ дастархан аясына жинала қалды. Ауқаттанып болған соң балаларға тәтті балмұздақтар үйлестіріліп, Бас мүфтидің бастамасымен жарыққа шыққан «Дін мен дәстүр» кітабы, Қайрат Жолдыбайұлының «Дін мен діл» және басқада кітаптар сыйға берілді.
Жиын соңында балалар күлімсіреп: «Рахмет! Рахмет! Рахмет!» – деп ризашылықтарын білдірді. Осынау үш сөз жүрегімізді дір еткізіп, бізді де бақытқа бөледі.
Жеткіншектердің бірі Медет: «Шын жүректен айтамын Алла сіздерге расымен де разы болсын. Сіздер бізге бір емес бірнеше мәрте қамқорлықтарыңызды көрсетіп келесіздер. Ол бізді әрине шаттыққа бөлейді. Рахмет сіздерге!»
Вера: «Мен өзім бірінші рет келіп отырмын. Мешіт өте әдемі екен. Маған қатты ұнады. Бұдан кейін міндетті түрде келіп тұрамын. Бізді елеп жасаған осы кештеріңіз үшін көп алғыс айтамын».
Осылайша балғын балақайлар пәк жүректерінен алғыстарын айтып, ақ тілектерін жолдады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жетімнің басын еркелете сипаған кісіге қолының тиген жеріндегі шаштардың санындай сауап жазылады», – деген. Сондай-ақ, Рақым Пайғамбары (с.ғ.с) жетім ақысына жіті мән берген. Ендеше бауырлар сауаптан да құр қалмай жағдайы төмен отбасыларына, жетім жесірлерге барынша көмек бере жүруді ұмытпайық. Жетімнің басын сипап, мұқтажға көмек берген әрбір мұсылман жәннатта Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафамен (с.ғ.с) көрші болуды Алла нәсіп еткей. Әмин!
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша
Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің
баспасөз хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.06.2014
4042
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру