Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Имамдардың біліктілігі шыңдалуда

26.05.2014 4050 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Ел ішінде дініміздің беделін арттыру үшін, ең әуелі жергілікті жерлердегі имам-молдалардың білімі мен біліктілігі бүгінгі күннің сұранысына сай жоғары деңгейде болуы керек»,– деген. Сол бағытта өкілдіктерден батыл қадамдар талап етіп отырғаны белгілі.

Дінбасының осынау талап-тілектерін басшылыққа ала отырып, өңірдегі аудан имамдарының біліктілігін ұштап, тәжірибесін жетілдіру мақсатында  ҚМДБ-ның Өскемен өңіріндегі өкілі, Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы Асановтың арнайы бұйрығымен, әр жұма сайын аудандардың бас имамдары кезекпен облыстық мешітте көпшілік жамағат алдында уағыз айтатын болып бекітілді.

Осы жұмада Риддер қалалық «Дінмұхаммед» мешітінің бас имамы Мұратжан Исмаилов облыстық орталық мешітке ат басын тіреп, намазға жиналған бес мыңға тарта жамағат алдында: «Асыл дініміздегі қасиетті айлар», «Мұсылман, мұсылманның айнасы» тақырыптары төңірегінде өте тартымды етіп, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мен сахабалар өмірінен алынған мысалдарды бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып, бір сағатқа жуық уағыз айтып, соңынан жұма намазын өткізді.

Нұрлан қажы Байжігітұлы Асанов өңірімізге өкіл имам болып келгеннен бері оның тарапынан қолға алынып отырған тың істер мен игі бастамалардың куәсі болып жүрміз. Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазреті: «Бүгінгі күннің имам-молдаларынан білім мен біліктілік талап етіп отырған болса, аудан имамының облыс орталығына келіп, бірнеше мыңдаған намазхан жамағаттың алдында уағыз айтып, жұма намазын өткізуі сол бір талаптың үдесінен шығудың заңды көрінісі деп білгеніміз жөн»,– деген. Мешіт жамағаты Риддер қаласынан келген Мұратжан имамның жамағат алдында өзін ұстай білуі мен сөйлеу мәдениетіне де оң бағасын беріп өтті.

Рахметолла қажы СМАҒҰЛ, 
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша
өкілдігінің баспасөз қатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру