Қасиетті ережеп айының жиырма жетінші түніне сәйкес келетін миғраж түніне орай, "Нұр Астана" мешіті сауабы мол қасиетті айда ораза ұстаған мүмін жандарға, жалпы жамағатқа арнап дастархан жайды.
Айта кету керек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі болып саналатын орталық мешітте елордалық мұсылман қауымының басын қосып, дастарханнан дәм татқызу, салиқалы отырыс жасау бүгінде игі дәстүрге айналған.
Ақшам намазынан кейін дастархан басында жиылған жамағатқа "Нұр Астана" мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бүгінгі басқосудың мән-маңызына тоқталып, ережеп айының құндылықтары, миғраж оқиғалары жайында баяндады. "Құрметті, жамағат. Күллі мұсылман үмметіне мүбарак болған қасиетті айда сіз бен біз ақ дастархан басында жүздесіп отырмыз. Баршаларыңызға мәлім, қасиетті үш айдың алғашқысы - ережеп айында исра мен миғраж оқиғалары болған. Қасиетті айдағы құлшылық-ғибадаттарыңыз, ұстаған оразаларыңыз қабыл болғай. Барша адамзат баласына үлгі болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың да өмірі құлшылықпен өткен, бүкіл тыныс-тіршілігі ғибадат еді. Ардақты пайғамбарымыз көркем мінездің үлгісі еді" деп Бас имам мұсылман мінез-құлқындағы сипаттарға тоқталып, жамағатты көркем мінезділікке, кішіпейіл болуға үндеді.
Миғраж кешінде Бас имам мен мешіт жамағаттары бір дастархан басынан дәм татып, ислам құндылықтары жайында әңгіме өрбітті. Ас соңына таман "Нұр Астана" мешітінің найб имамы Абдусамат Махат Ережеп айынан кейін келетін Шағбан айы мен ондағы ғибадат, құлшылықтардың орнына тоқталса, найб имам Жандос Айтбаев құран оқудың артықшылықтары жөнінде жамағатқа жылы уағыз жүргізді. Осылайша дастархан басындағы дидарласу шариғат құндылықтары шеңберінде өтті. Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатты ең басты құндылық - ауызбіршілікті нығайтуға, бірлігі бекем ел болуға шақырды.
"Нұр Астана" мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.05.2014
3847
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру