Бүгін «Теміржолшылар» кентінде орналасқан «Әс-Сәлам» мешітінде елордалық имамдардың үстіміздегі жылдың 1-тоқсанында атқарылған шаралар жөнінде жиын өтті.
Имамдар мәжілісін «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай Өтпенов ашып, бүгінгі басқосудың мақсатына тоқталды. Биылғы жылы ҚМДБ тарапынан Бас мүфтидің 4 бағыт бойынша міндеттеген шаралардың мешіттерде орындалу барысын, 2014-жылдың І-тоқсанында атқарылған іс-шаралар есебін тыңдау бүгінгі жиынның басты мақсаты болды.
Наурызбай Өтпенов қала мешіттерінің ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» мешітімен бірге ұжымдасып, ұйымшылдықпен жұмыс атқаруы керектігін айтты. Күн тәртібінде қозғалған тақырыптар қатарында елордалық имамдардың ҚМДБ жүктеген бағыттар бойынша 1-тоқсанда атқарылған шаралары жөніндегі есебі тыңдалды. Имамдар есебінен кейін Бас имам алдағы жоспарларға тоқталды. Яғни, 25-26 мамырына сәйкес келіп тұрған «Миғраж» түнін атап өтуге байланысты мешіт жамағаттарына ғибадат етуге жағдай жасау, миғраж кешінде ауызашар дастарханын дайындау, іле-шала келетін «Бараат» түніне де тыңғылықты әзірлік жасау секілді мәселелер қозғалды.
Сондай-ақ, биылғы Рамазан айының дайындық жұмыстарына кірісу, отыз күн жамағатқа дастархан жаю, тарауих намаздарына, ораза кезіндегі уағыздарға ден қою және жамағатпен етене жақын қарым-қатынас жасау керектігі де айтылды.
Жыл сайынғы астаналық мектеп бітіруші түлектерімен өткізілетін дәстүрлі кездесу жайында да айтылып, биылғы кездесу «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткізу жоспарланды.
Осылайша қала мешіттерінің бірінші тоқсандағы атқарылған жұмыстары пысықталып, мониторинг жасалып, алдағы міндеттер жайында дін қызметкерлері өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, осы жиында Наурызбай Тағанұлы "Әзірет Сұлтан" мешітінің найб имамы Руслан Қамбаровтың әлі сиясы кеппеген "Соңғы өсиеттер" еңбегін көпшілікке таныстырып, авторды сәтті қадамымен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі. Жиналыс соңында Бас имам атқарылған шараларға оң бағасын беріп, алда жоспарланған мақсаттарға жұмыла кірісуге, кемшіліктерге жол бермеуге шақырды.
«Нұр Астана» мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.05.2014
3728
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру