Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматыдағы Режеп айының берекелі күндері

06.05.2014 4437 0 пікір

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрдайым Режеп айына аяқ басқан уақытта «О Алла, біздерге Режеп, Шағбан айларының берекесін беріп, Рамазанға қауыштыра гөр!» – деп дұғада болатын-ды. Мұсылман баласын Рамазан айындағы оразаға дайындайтын, Режеп пен Шағбан айларының берекесі оның нәпіл оразалары мен ауызашарларында болса керек.

Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет ата» мешітінде Алматы қаласының Бас имамы Есмағанбет Нұрбек қажының қатысуымен аудандық мешіт имамдары мен жамағаттарының басы қосылып, ынтымақтаса ұйымдастырылған ауызашар өтті. Оған «Бекет ата» мешітінің жергілікті жамағатына қоса Алатау ауданының мешіттерінен шақырылған 120-дан астам ораза ұстаған қауым жиылды. Бас имам Нұрбек қажы мұндай ауызашарлардың жамағатты біріктіруге, ынтымағын арттыруға мол септігін тигізетінін айта келе, жиылған қауымды әрдайым ынтымақта болуға, еліміздің тыныштығына, өркендеп өсуіне үлес қосуға шақырды. Ауызашарға сондай-ақ арнайы шақырылған «Нұр-Мубәрак» университетінің оқытушысы, доктор Ясир ұстаз жамағатқа Режеп айының нәпіл оразалары, ауыз аштырудың мол сауаптары жөнінде насихат айтып, жамағаттың сұрақтарына жауап берді. Мешіт ақсақалдары ақ батасын беріп, Алатау ауданының бас имамы Дәуренбеков Орынбасар қажы барша жиылған қонақтарға өз алғысын білдірді. Бұл Алатау ауданындағы аудан болып ұйымдастырған алғашқы ауызашар. Орынбасар қажы бұл үрдістің алдағы уақытта аудандағы барлық мешіттерде кезекпен, Режеп пен Шағбан айы бойы  толассыз жүргізіліп, Рамазан айының ауызашарларына ұласатынын айтты. Бұл аудан жамағатының арасында ынтымақты күшейтіп, бауырмалдықты арттырудың бірден-бір жолы. Жамағатты біріктірген осындай игі шаралармен Режеп айының күндері берекеленіп, Алла Тағала қасиетті Рамазан айына амандықпен қауыштырғай!

Алматы орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру