Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйренуді бұйырғанын жақсы білеміз. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да дін қызметкерлерінің білімі мен білігін арттыру заман талабы екендігін үнемі назарда ұстауда. Осыған орай Павлодарлық имамдардың білімі мен білігін арттыруға бағытталған 3 күндік оқыту-семинары жалғасын табуда.
Өткен сәуір айының ортасынан басталған қала, аудан, ауыл имамдарына олардың басты ілімі болған ақида, фиқһ, ахлақ сабағынан үш күндік оқыту-семинарлары осы жолы Ақтоғай ауданы орталық «Жандарбек» мешітінде өткізіліп, оған Ертіс, Железин, Қашыр, Ақтоғай ауданына қарасты барлық аудан, ауыл мешіті имамдары және ақсақалдар, белсенді намазхандар да қатысты. Үш күндік оқыту-семинары барысында таңғы 9-дан кешкі 18-ге дейін дәріс оқылып, «Құран», «Ақида», «Ихтилафи мәселелер», «Ханафи мәзһабы және хадис» және «Ағымдар тарихы» пәндері бойынша дәрістер берілді. «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Бердібек Оянғанұлы мен ұстаз Берікбай Германұлының берген білімдеріне имамдар дән риза. Өз мешітінде болып дәріс алған әріптес имамдарының 3 күндік оқуына барлық жағдайын толық жасаған «Жандарбек» мешітінің бас имамы Қожахметов Ахметоллаға және дәріс берген ұстаздарға имамдар мен ақсақалды аталар да өз кезегінде дән ризашылықтарын білдірді
«Оқыту-семинарды өткізудегі басты мақсатымыз имамдардың білім-біліктілігін арттыру мен қатар облыс бойынша мешіттердегі өзекті мәселелерді талқылау және де ауданымыздағы кей мешіттердегі ағымдардың алдын алып ауыл ақсақалдары мен жастарды бірлікке шақырып, қазіргі таңдағы теріс түсінікте жүрген жастарға ықпал етуге шақыру, қазақ халқының дінімізді дәстүріміз, ал дәстүрімізді дініміз арқылы сақтағанын түсіндіру болмақ», – дейді өкіл имам Нариман Ермекұлы.
Имамдардың білімін жетілдіруге арналған семинар, курстар алда Павлодар қаласында жүргізілетін болады.
Алла Тағала имамдарымыздың ықыластарын арттырып, олардың білімін жетік етіп, халық арасында ынтымақ пен бірлігі жарасып, қашанда шаттықта, иман аясында бақытты өмір кешуге жазсын! Әмин.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.05.2014
4141
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру