Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Табиғат аясындағы спорттық жарыс (ФОТО)

06.05.2014 6057 0 пікір

Кеше  ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имам Руслан Сұлтановтың ұйытқы  болуымен мешіт қызметкерлері мен жамағаттары «Табиғат»   аясына шығып,  спорттық шарадан жарыс  болып өтті.

Бұл шараға мешіт қызметкерлері мен жамағаттары қатысты. Спорттық  жарыста күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, футбол, қолдобы ойындары өткізілді.

Алдымен шара теңбілдоп ойынымен басталды. Екі команда да бір-біріне дес бермеді. Одан  кейін қолдобы жарысымен ұласты.  Допты шыр айналдырып, екі топта ұпайларын  тең бөлісті. Жарыста қыза түсіп балуандар сайысы да тартымды өткізілді. Балуандар бір-бірімен белдескен кезде, амал-тәсілдерімен ерекше көзге түскен, жалынды жастардың белін қайыстырған  50 келі салмақта Орал қалалық мешітінің найб имамы Махамбет Мұханғалиев, 60 келіде Ерлан Дәуітов, 70 келі салмақта  Қуаныш Қарабаев, ал 90 келіде Бекқожа Садықов жеңіске жетті. Дана халқымыз: «Берсең балаға бер», – демекші жас балалар күресі кезінде Тасқалиев Абдурахман мен Рамазанов Абдуаһали  жиналған қауым көңілінен шыға білді.

«Күш атасын танымас» – демекші кір тасын көтеруде Темірбек Әділбек (50 кг),  Аманжол Ізмұханбетов (70 кг), Қаһарман  Жакупов (90кг) жеңіс тұғырына жетті. Арқан тартыс жарысында «Сәлімгерей» тобы бастаған жігіттер басым түсті.

Жиылған жамағатқа ақ дастархан жайып, ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы  Руслан Тыныштықұлы сөз алып, «Бірлік, ынтымақ» жайында уағыз айтып,  ауызбіршілікке шақырды.

Дастархан басында  облыстық орталық мешітінің найб имамы Мұратбек Қыстаубаев пен орталық мешіттің ұстазы Ержан Есімке діни сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алынды. Жарыстың көркін келтіріп, таза ауада тыныстап, бойымыз серігіп, рухани  демалыс  болды.  

Орал қалалық мешітінің найб имамы Махамбет Мұханғалиев: Бүгінгі жарыс өте тартымды өтті. Ұйымдастырған облыс имамы Руслан Тыныштықұлына  өз ризашылығымызды білдіреміз.  Мешіттің жамағаттарын біріктіріп спорттық жарыста денеміз серігісе, діни сұрақтар қойған кезде білімдерімізді шыңдадық, бір-бірімізбен жақын танысуға өз септігін тигізді.  Мақсат береке басы бірлікте екендігін ұғындыру еді. Ол орындалды. «Кемедегінің жаны бір» деген, ендеше, жамағат деген жұмылып, ел деген егілетін мұсылман достарымыз көп болсын!

Темірбек Әділбек, Орал қалалық «Түлбаев Мұхаммед-Гариф» мешітінің жамағаты:  Бұл  жарысқа бірінші қатысуым. Үлкен әсермен оралдым. Біздің қазақ жері құтты мекен, достық пейіл мен қонақжайлықтың адамзатқа үлгісі. Баршамыз бір әке, бір анадан туған болып араласуға  үлкен мүмкіндік берді.  Жарыс кезінде жамағат бойынан түрлі өнерлерді көріп, таң-тамаша болдық.  Маған Орал қалалық мешітінің имамы Махамбет ағаның күресі ерекше әсер етті. Пайғамбарымызда (с.ғ.с) балаларымызды садақ атуға, суға жүзуге, күресуге үйретіңдер дегені осының айғайы десек те болады.

Жеңімпаздарға  облыстық орталық мешітінің арнайы сыйлықтары табыс етілді.

Нұрлан Саматұлы,
ҚМДБ-ның бойынша баспасөз хатшысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру