Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Құран іліміне кіріспе» көпшілікке жол тартты

30.04.2014 5057 0 пікір

Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Алматы қаласындағы «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінен Елордамызға ат терлетіп келген ғалым, исламтанушы Қайрат Құрманбаевтың «Құран іліміне кіріспе» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Айтулы шараны Ұлттық академиялық кітапхана директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы жүргізіп, дін және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, игі тілектерін білдірді. Айта кетейік, Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесе өткізіліп отырған шара ҚМДБ-ның Астана қаласы өкілдігінің ұйытқы болуымен «Кітап – білім бұлағы» жобасы аясында атқарылуда. Бұл жайында ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде: «Жастарымыздың жат ағымның жетегінде кетуінің алдын алып, рухани иммунитетін, таным көкжиегін ұлттық құндылықтарымыз негізінде қалыптастыру мақсатында осы шараны қолға алған едік. Негізгі мақсатымыз – еліміздегі дін саласында еңбек етіп, тер төгіп жүрген дінтанушыларымыздың, қаламгерлеріміздің кітаптарын көпшілікке насихаттау. Қаламгер мен қалың бұқараның арасына көркем көпір жалғау, диалог орнату», – деп бүгінгі игі істің діттеген мақсатына ой жүгіртті.

Сондай-ақ, бүгінгі шараға келген Дін істері басқармасының басшысы Жорабек Дәуренов те өз тілегін білдіріп «Ата-бабамыз ешқашан Құраннан қол үзген емес. Бұл сонау қилы-қилы замандардан бізге атадан аманат болып жеткін дін» десе, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, ұлттық, рухани ағарту порталының редакторы Қайрат Жолдыбайұлы бүгінде іргелі ілім беретін оқу орны да, Құран нәрімен сусындандыруға толық білімді де білікті кадрлар да ел ішінде баршылық екенін, аталмыш кітап пен оның авторы соның дәлелі екенін айтып, асыл дінімізді көтеруге атсалысып жүрген барша ағайынға Жаратқаннан күш-қуат тіледі.

Осылайша ізгі тілектермен басталған игі шараның соңында әдеттегідей көпшіліктің көкейінде жүрген, шариғат төңірегіндегі сұрақ-жауапқа ұласып, баршасы «Құран іліміне кіріспе» еңбегінің авторы Қ.Құрманбаевқа ақ тілектерін айтып, тарқасты.

 «НұрАстана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру