ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздегі барлық деңгейдегі имамдардың біліктілігі мен білімі атқаратын қызметтеріне сай болу жағына айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Осыған орай имамдардың білім-біліктілігін арттыру, Ислам әлемінде болып жатқан жаңа ақпараттармен тұрақты қамтамасыз етіп тұру, имамдардың өзара тығыз байланыста іс-қызметтер атқаруына, тәжірибелерін алмасуына қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Павлодар облысының өкіл имамы Нариман Исеновтың ұйымдастыруымен аудандарды бағыттары бойынша төрт топқа бөліп әр топтарға 3 күндік семинарлар жүргізіле бастады.
Алғашқы 3 күндік оқыту-семинар 20-23 сәуір аралығында Успен ауданы мешітінде ұйымдастырылды. Оқыту-семинарға Успен, Шарбақты, Лебяжі, Май аудандарына қарасты барлық 23 мешіттің имамдары түгелдей қатысты. Оқыту-семинарға облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Бердібек Оянған, «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің ұстазы Берікбай Германұлы қатарлы білімді имамдар мен ұстаздар жетекшілік етіп, Құран, Ақида, Хадистану, Фиқһ негіздері пәндері бойынша дәрістер оқылды. Сонымен қатар, Ислам әлемі, еліміз, облысымыздың діни ахуалына тоқталып, кең мағлұматтар берілді. Өткізілген келелі жиын барысында аудан, ауыл имамдары атқарылып жатқан шаралары жайында өзара пікір алмасты. Сондай-ақ, осында жиналған әрбір имамның алға қойылған міндеттерінің орындалу барысы туралы жеке-жеке сұралып, тәжірибелері ортаға салынды. Алдағы шағбан және ережеп айының қадір-қасиетін ұғындыру мақсатында ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру, атқарылған шараларды баспасөз беттерінде жариялау, әр имам өз қызметіне жауапкершілікпен қарау тұрғысында да тапсырмалар берілді.
Үш күндік оқыту-семинар жұмысының соңында Успен ауданының имамы Керімхан Жарылғасынұлының өзге аудандардан келген әріптестеріне жайған ақ дастарханы үстінде имамдар арасынан үлкені ақ батасын беріп, аталмыш атқарылатын істердің берекелі болуын тіледі. Алдағы жоспарға сай осындай 3 күндік оқыту-семинар жұмысы 10-мамырға дейін белгіленген 3 бағыт бойынша Ақтоғай, Ақсу аудандары және Павлодар қаласында жалғасын табады.
Алла тағала хақ дініміз жолындағы риясыз қызметтерімізді қабыл етіп, сауапты істерімізді арттыра берсін!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.04.2014
3485
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру