Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам ұлықталып, дәстүріміз дәріптелген

24.04.2014 3292 0 пікір

Биылғы 2014 жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мұсылман жұртшылығы үшін «Дін мен Дәстүр жылы» деп жариялаған болатын. Сондай-ақ, бұл игі бастаманың ізінше мүфти хазіреттің «Дін мен Дәстүр» атты кітабы да қалың жұртшылыққа жол тартып үлгерді. Міне, бүгін ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Берденұлының мұрындық болуымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Дін мен Дәстүр» атты еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталмыш шараға қаламызға бірнеше күнге арнайы іс-сапармен келген ҚМДБ-ның Республикалық ақпараттық насихат тобының  мүшесі,  уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Исламтанушы, теолог PhD докторы Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, Атырау облысы Дін істер басқармасының басшысы Еркінбек Керімбекұлы, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан қажы Берденұлы және де оқу ордасының профессор, академик ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, теологтар, мешіт имамдары, студенттер қатысты.

Алғашқы болып сөз алған ҚМДБ тарапынан арнайы келген өкіл Е.Оңғаров  дін мен дәстүрдің сабақтастығын тілге тиек ете отырып, тұсауы кесілгелі жатқан аса құнды «Дін мен Дәстүр» атты кітапта ар-ұят, әдептілік, сыпайылық, ата-ананы құрметтеу, көрші ақысы, туыстық байланыс, бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, т.б. ұлттық құндылықтарымыз жайында қамтығандығын жеткізді. Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің аят-хадиспен астасып жатқандығын, дін мен дәстүрдің тығыз байланысы туралы бірқатар мәліметтер мен айғақтарға да тоқталды.

Сонымен қатар, шараға қатысушылар өздерінің «Дін мен Дәстүр» атты кітап жөнінде ойларын ортаға салып, пікірлерін білдіріп, осындай еңбегімен халықты діни білім нәрімен сусындатып жатқан Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіретке ризашылықтары мен алғыстарын жаудырды. Соңында ҚМДБ-ның тарапынан келген өкіл Е.Ағыбайұлы кітаптың тұсаукесер лентасын қиып, қатысушыларға кітаптың бірқатары сыйға тарту етілді.

«Иманғали» орталық мешітінің
 баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру