Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Білімді имам – діннің жанашыр тілекшісі

24.04.2014 3773 0 пікір

Бүгінгі аласапыран қоғам адамды алжастырып, иманынан бездіріп, қым-қуыт қарбаласқа түсіріп отырғаны еш жасырын емес. Жолынан адасып, бағдарынан шатасқан жандарды түзу даңғылға салатын нәрсе – иман. Барша қауымның санасына иманның нәрін себу жолында имамдардың да сүбелі үлес қосып отырғаны анық.

Осы жылдың 4-24 сәуірі аралығында ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкілдігі, Ақмола облысы дін істері басқармасы және «Насихат» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ақмола облысының қала-аудан имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында арнайы семинар-курс өткізді.

Үш аптаға созылған курста имамдар алдында Қарағанды орталық мешітінің ұстазы Нұрбол Тағаев, «Нұр Мүбәрәк» университеті магистратурасының студенті Рауан Шынғожанов, «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Абдусамат Махат, Атырау қаласындағы «Иманғали» мешітінің ұстазы Салауат Мәжитов, Астана қарилар медресесінің ұстазы Қанат Молдабеков, дінтанушы-теолог Асқар Сабдин және тарихшы Ерболат Баят дәрістер оқып, Құран, ақида, фиқһ тақырыбында мазмұнды әңгіме жүргізді.

Қазір қоғамды толғандырған мәселелердің бірі – жат ағымдардың белең алып бара жатқаны. Оны тойтарудың бір жолы – дін қызметкерлері өте білімді болуы керек. Мешітке келген мүмінді әлгіндей теріс ағымдардан арашалап, оларға Ислам құндылықтарын уағыздау аса маңызды болып табылады.

Сонымен бірге, қазақтың салт-дәстүрін теріске шығарып, шариғат ілімдерінен алшақтатып қараушылық та бой алып барады. Бүгінде дінбасының өзі бастама көтеріп, ұлттық дәстүр мен діни ғұрыптардың арасында сондай алшақтық жоқ екенін  айтады. Демек, имамдар дінді насихаттауда қазақтың бағзы замандардан ұстанып келе жатқан Әбу Ханифа мәзһабын кеңінен насихаттап, ұлттық құндылықтарды да осыған орайластырып қарауы абзал.

Курс барысында имамдардың қызығушылығын тудырған дәрістердің бірі – қазақ тарихы болды. Тарихшы Ерболат Баят өзінің мазмұнды лекциясы арқылы қазақтың төл тарихын қозғап, ислам дінін насихаттаған хандар жайлы да ойлы пікірлер айтты.

Имамдар білімін осылай ұдайы көтеріп отырғаны абзал. Басқаға тәлім-тәрбие беріп, дін уағызын айтатын адам өзінің қашанда білім-танымын жоғарылатса, бұл жақсылыққа жетелейтін іс екенін айтар едік.

Міне, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздардан білім алған имамдар көп нәрсеге қанықты. Сөйтіп, олар діни курсты бітіргендері жөнінде арнайы сертификаттарға ие болды.

Бақыт СМАҒҰЛ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру