Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жас ақындар сайысқа түсті

24.04.2014 12011 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы  жыл басында ағымдағы 2014 жылды – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады.

Хазреттің мешіт имамдарына жолдаған Үндеуінде дініміз бен дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аударды. Соның бірі тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, дініміз бен ділімізді жаңғырту болатын. Бүгінде осы бағыт бойынша Сыр өңірінде орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен қаламыздағы №264 мектеп-лицейінде «Асыл дінім – ардағым. Ата – салтым қазынам» атты мектеп аралық жас ақындар сайысы өтті.

Жас ақындар жарысын өткізудегі басты мақсат дін мен дәстүріміздің бір-бірінен алыс емес екенін түсіндіріп, дініміз бен дәстүріміздің бір арнада тоғысқанын ұғындырып жыр шумақтарын жазғызу болатын.

Бұл сайысқа 40-тан аса оқушылар қатысып, жүректерінен жарып шыққан жырларын бәйгеге қосты. Тұлымшақтары желбіреген ақындарымыз тақырыпты ашып, бір-бірінен қалмай оза шапты. Оқушылардың әділ бағасын берген қазыларымыздың құрамында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Талғат Омаров, Қызылорда облысы Дін істер агенттігінің басшысы Бақытжан Камалов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Әлмырза Ноғайбаев, Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ержан Байтілес сынды ағаларымыз болды.

Қазыларымызға да жүректері жалынды ақындардың арасынан оза шапқандарды таңдау оңайға соқпады. Дегенмен сайыс болғасын жыр шумақтарымен көзге түсіп, мәнерлеп оқуы жүректерді баурап алған ақындарымызда болды.

Жүлделі I – орынға ие болған (Samsung Galaxy Tab 3 планшеті): №11 қазақ орта мектебінің 8-сынып оқушысы Әлижанқызы Перизат.

Жүлделі II – орынға ие болған (Samsung Galaxy Star ұялы телефоны): №211 қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Совет Төрехан.

Жүлделі III – орынға ие болған Алмас Ұлжан.

Өркенді елімізбен асыл дініміз үшін аянбай қызмет жасайтын жастарымыз  көбейе берсін.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру