«Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық дін істері басқармасы мен ҚМДБ-ы Ақмола облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ислам және жастар» деген тақырыпта конференция болып өтті. Оған Көкшетау қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студент-жастары қатысты.
Бас қосуды ашып, кіріспе сөз сөйлеген облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраева жастарды имандылыққа тәрбиелеудің маңызды екенін айтты. Өйткені, қазіргі кезде әртүрлі жаман істердің жетегінде кеткен жастар көптеп саналады. Бұзақылыққа да үйір, нашақорлыққа да дендеген жастар өз болашақтарына балта шабады. Сондықтан, жастарды ізгі, мейірімді және қайырымды етіп тәрбиелуде Ислам дінінің маңызы өте зор.
Мұндай пікірді облыстық жастар ісі басқармасының басшысы Шахмардан Байманов та айтты. Ол өзінің сөзінде қазіргі өтпелі кезеңде қазақ жастарының батыстың бейәдеп мәдениетіне үйір болып, ұлттық арнасынан алшақтап бара жатқанын баса атап көрсетті.
Жиналғандар алдында тағылымды әңгіме айтқан Ақтөбе қаласындағы «Ансар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, теолог Асқар Сабдин ислам атын жамылып, экстремизмнің шоғын үрлеген жастардың да бой көрсетіп отырғанын қынжыла жеткізді. Мұндай жат ағымдардың арбауына түсіп, санасынан сансыраған жастарымыз өз ұлтының болашағын ойламайды. Сондықтан, теолог ғалым мұндай жастарды психологиялық тұрғыда сауықтырудың әдістері жайлы әңгімелеп берді.
Облыстық дін істері басқармасының маманы Гүлнұр Сатыбалдина бұл бағытта қолға алынған іс-шараларды айтып, жастарды жақсылыққа баулудың жолдары бар екендігін атап көрсетті. Ал, облыс имамы Қанат Қыдырмин өзінің шариғи сөзінде ислам тарихы арқылы ой қозғап, қазіргі қым-қуыт кезеңде жастарды имандылыққа үйірудің басты арналары жайлы пікір білдірді
Демек, иманды жас – ел болашағы болатынын ұмытпағанымыз абзал. Имансыз жас – ел ертеңіне қара күйе жағады. Олай болса, Ислам діні біздің жастарымызды иманға ұйытатын әрі пікір бірлігімізді бір арнаға бағыттайтын асыл дін.
Бақыт СМАҒҰЛ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.04.2014
3920
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру