Шығармашылық жарыс өтті
Үстіміздегі жылды дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазрет «Дін және дәстүр» жылы деп жариялағаны баршаға аян. Осы орайда, облыстық мешіт қызметкерлері тарапынан біршама шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда.
Жақында облыстық мешіттің жанындағы «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің жетекшісі, наиб имам Досжан Тулувхан, мешіт жанындағы сауат ашу курсының ұстаздары Ағзам Мәуешен және наиб имам Арман Томантаевтардың ұйымдастыруларымен шәкірттер арасында «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында шығармашылық жарыс болып өтті.
Жас ерекшеліктеріне қарамастан жарысқа қатысқан барлық шәкірт алға қойған талаптар үдесінен шыға білді.
Бәйге қорытындысы бойынша үздік деп танылған шығарма авторлары арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Жарысқа қатысқан барлық шәкірттерге облыстық мешіттің бас имамының атынан алғыс білдіріліп, мүфтият тарапынан бекітілген діни дискілермен кітаптар тарту етілді.
Дін мен дәстүр сабақтастығы
Апта ішінде ҚМДБ-ның Өскемен өңірінің өкілі, облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы Асановтың ұйымдастыруымен «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбы аясында басқосу болып өтті.
Аталмыш жиынға мешіт ақсақалдары алқасы, қалалық қажылар қауымдастығы мүшелері және облыс орталығындағы мешіт имамдары арнайы шақырылды.
Жиын барысында Нұрлан қажы Байжігітұлы Ислам діні мен қазақы салт-дәстүрдің ел ішінде ежелден бітеқайнасып, бірге жасасып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, оның озық үлгілерінің өскелең ұрпақ тәрбиесінде тәлімі мен тағылымы мол екендігіне кеңінен тоқталып өтті.
Алайда, ел ішінде аракідік белең алып жататын өлікке арнап «дәуір» оқу, мәйіт жатқан бөлмеге қырық күн бойына шырақ жағып қою, мәйіттің басы қаратылып жатқан қабырғаға шеге қағу, мәйітті алып шығарда басынан нан, тұз айналдыру, соңынан арпа-бидай шашу сияқты ширк амалдарына алып келетін көптеген қазақы ырымдардың діни рәсімдерге еш қатысы жоқ, негізсіз екендігін де ашып айтты. Осындай мәселеге келгенде кейбір үлкен адамдардың діннен хабары болмаса да араға килігіп, дау туғызып жататындары үнемі болмаса да, ішінара кездесіп қалатындығын және осындай әрекеттерге мешіт ақсақалдары мен қажыларымыз бей-жай қарамаса деген тілегін жеткізді өкіл имам.
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.04.2014
3663
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру