Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Тазалық – иманның жартысы»

21.04.2014 4028 0 пікір

Елорда жұртшылығы «Біз таза қаланы қолдаймыз» акциясы аясында қалалық сенбілікке шықты. Ел тізгінін ұстаған шенеуніктер мен бұқара халықтың басын қосқан сенбілік серпінді өтті.

«Нұр Астана» мешіті имамдары мен «Астана» медресесі шәкірттері мешіт аумағындағы көгалды бақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді.

Асыл дініміздің ұстанымында қоршаған ортаны, бау-бақшаны күтіп-баптау, жан-жануарға, жалпы Аллаһ тағаланың жаратылыстарына мейіріммен қарау, бергеніне шүкірлік ету, Ұлы шебердің туындыларына құрмет көрсету міндет болып саналады. Осы себепті де «Қиямет басталған кезде кім қолында бір түп құрма ағашы болса да, оны шамасы келсе егіп қалсын», «Бір адам ағаш отырғызса немесе ексе және оның еккен ағашынан бір құс, бір адам не бір жануар жесе, әлгі адам үшін садақа болып есептеледі» деген екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өсиеттеріне әрекет қылуды мақсат тұтқан имамдарға мешітіміздің жамағаттары да ат салысып, игі іске жұмыла кірісті.

Бүгінде баршамызға белгілі, жасыл желек, ағаштардың қоршаған ортаға, адамзат баласына пайдасы зор. Бұған ғылымның да, адам баласының да көзі әлдеқашан жеткен. Күннің ыстығынан қорғайды, ылғалдылықты сақтайды, көмірқышқыл заттарын өзіне сіңіріп, бізге жұпар ауа сыйлайды. Бір сөзбен айтқанда, Жаратқанның белгілеп берген міндетін мүлтіксіз атқаруда. Тепе-теңдік сақталуда.

Имамдар мен шәкірттері білек сыбана кіріскен «Тазалық – иманның жартысы» қағидасына сай, көктемнің көркін ашқан табиғат тазалығы жамағаттың бір қатарға сап түзеген, бесін намазының рух тазалығымен жалғасын тапты.

«Нұр Астана» орталық
 мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру