Бүгін елорда төрінде Исламды ұлықтаған кезекті бір шара өтті.
«Нұр Астана» мешіті жанынан құрылған Ислам орталығында сауат ашу курстарында тәлім алып жүрген қыз-келіншектер жамағатының арасында аламан жарыс болды. 40 үміткер қатысқан құран жарысы «Дұха мен нәс», «3 пара» және «30-пара» деген 3 аталым бойынша өткізілді. Құранды мәнерлеп оқуда Орталық шәкірттері бірінен бірі озып тұрғанына жиналған жұртшылық куә болды. Алайда, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, бүгінгі айтулы күнге айрықша дайындықпен келген момын қыздарға әділқазы мүшелері лайықты бағаларын берді. Конкурс соңында қазылар алқасының ортақ шешімімен қырықтан қыр асып үздік шыққан тоғыз үміткер жүлдегер деген мараптқа лайықты деп танылды.
«Дұха мен нас» бойынша 3-орын Г.Бейсембаеваға, 2-орын Ұ.Бикенге, 1-орын Ә.Сейфуллинаға бұйырса, «30-пара» бойынша 3-орын Арайлымға, 2-орын Ә.Әлімбековаға, 1-орын А.Нұрланқызына берілді. Ал, «3 пара» аталымында 3-орынды Л.Исраилова, 2-орынды А.Садықова, 1-орынды К.Ахметова иеленді. Бұған қоса, өзге де қатысушылардың барлығына сыйлықтар табыс етілді. Бәйге жүлдегерлеріне 10 мың мен 75 мың теңге аралығындағы арнайы сертификаттар беріліп, барлық қатысушыларға асыл дініміз туралы құнды кітаптар сыйға тартылды.
Сайыс соңында қазылар алқасы мұндай игі істер бір күнмен шектелмейтінін, алдағы уақытта республикалық деңгейде қыз-келіншектердің Құран жарысын өткізу жоспарда бар екенін, үздік шыққан шәкірттерге Мысырдағы «әл-Азхар» секілді беделді ислам университетіне түсу мүмкіндіктері қарастырылатынын айтып өтті.
Бүгінгі кешке «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Жандос Айтбаев арнайы келіп қатысып, осындай іс-шаралардың ұйымдастыруда әрқашан қолдау білдіріп келе жатқан ҚМДБ-ның Астанадағы өкілі, «Нұр Астана» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық лебізін жеткізді. «Баршаларыңыз білесіздер, елордамызға іссапармен Хазретіміз Ержан қажы Малғажыұлы келді. Өздеріңіз осы кеште күткен Бас имамымыз Наурызбай Тағанұлы қазір муфтиімізбен келелі кеңес өткізіп, уақыт тапшылық етіп, келе алмады. Алайда, сіздерге деген ыстық ықыласын, сәлемін ол кісі жеткіз деп еді» деп Жандос имам бүгінгі конкурстың мән-маңыздылығына тоқталып, «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп және оны үйреткендерің» деген ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) өнегелі өсиетімен кешті түйіндеді.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.04.2014
3446
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру