Халықтың денсаулығы – ел болашағының негізі десек, оның салауатты, қалыпты жағдайда болуы өмір сүру салтына тікелей байланысты екендігі белгілі.
Сондықтан да бұл маңызды мәселеге Елбасымыз Н.Назарбаев үнемі айрықша көңіл бөліп келеді. Өзінің биылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «...саламатты өмір салты – ұлт денсаулығының кілті болып саналады» - деп, бұқара халық арасында дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыру шараларын қолға алуды тапсырған болатын.
Өз кезегінде «Нұр Астана» орталық мешіті де, жамағат арасындағы бірлікті, бауырмашылықты, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап, жалпы адами құндылықтарды, гуманизмді және толеранттылықты қалыптастыру мақсатында ү.ж. 20 сәуірі күні Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Астана қаласындағы мешіттердің жамағаты арасында «Салауатты жамағат» атты спорттық ойындар сайысын ұйымдастырды.
Аталмыш аламанда елордамыздағы жеті мешіт пен Қазақстан Қажылары қауымдастығынан құралған сегіз команда бақ сынасты.
Айта кетейік, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіліп отырған сайыстың Бас жүлдесі де қомақты. Бас жүлде – қасиетті Мекке шаһарына умра сапары (кіші қажылық).
Ал шариғатымызда адамзат игілігіне асатын әрекеттің барлығына рұқсат етіледі. Мұсылман үмметінің қуатты да айбынды болуы үшін әлбетте Ислам діні спортқа ерекше ықылас қойған. Әрине, шариғат шеңберінде.
Бұған қоса, сүйікті расулымыздың көптеген өнегелі өсиет сөздерін айтуымызға болады. Соның бірі – «Расында, сенің Раббыңда сенен ақысы бар және сенің денеңнің сенен ақысы бар, және сенің әйеліңнің сенен ақысы бар, және сенің қонағыңның сенен ақысы бар, сол үшін сен ақысы барлардың ақысына жауап бер». Бұдан ұғатынымыз, денеміздің біздегі ақысы – оған лайықты күтім, бап жасау, денені шынықтыру.
Міне, шариғатымызда денсаулыққа осылайша ерекше көңіл бөлінсе, дана бабаларымыз да «Бірінші байлық – денсаулық» деп, деннің саулығын тілеген Жаратқаннан. Ер жастанып, аттың құлағында ойнаған батыр баба ұрпақтары бүгін өзара бақ сынасуда, бел ұстасып, күресуде.
Дүйім жұрттың делебесін қоздырған додаға қала әкімдігімен бірге «АҚЖАН» мәдени мұраларды қолдау қоры мен «Хикмет-Travel» қажылық компаниясы да қолдау білдірді. Жиналған жұртшылыққа еліміздің жарық жұлдызы әнші Құрмаш Маханов арнайы келіп, спорт сайысын әнмен әрледі.
«Сәлемдесу», «Үй тапсырмасы», «Аламан», «Қаппен секіру», «Кім жүйрік», «Арқан тартыс», «Теннис» және «Капитандар сайысы» деген сегіз бөлімнен тұратын сайыста «Сұлтан», «Астана қажылары», «Сарыарқа», «Сұңқар», «Үммет», «Арландар», «Муслим», «Фирдаус» командалары өзара бақ сынасты.
Сайыс барысында 53 ұпай жинап, І-орын алған «Төлебай» мешітінің «Сұңқар» командасына «Достық» кубогын, Умра қажылығына жолдамасын және 50 000 теңге ақшалай сыйлықты ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ал, 45 ұпай жинап, ІІ-орын алған «Әл-Ғани» мешітінің «Фирдаус» тобын кубокпен, медельдармен, бағалы сыйлықтармен және 40 000 теңге ақшалай сыйлықпен Астана қаласы бойынша Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Жорабек Әбдімажитұлы ДӘУРЕНОВ марапаттады, ал, 43 ұпай жинап, ІІІ-орын алған «С.Ғылмани» мешітінің «Сарыарқа» тобына медельдарды, бағалы сыйлықтарды және 30 000 теңге ақшалай сыйлықты Астана қаласы бойынша спорт және туризм басқармасының қызметкері Дәулет Тұратұлы ХАМЗИН марапаттады. Ал, сайысқа қатысқан басқа ойыншылар мен топтарды «АқЖан» қоғамдық қорының директоры Марат БЕКТАЗИНОВ алғыс хаттармен және түрлі сыйлықтармен марапаттады.
Сайысты қортындылаған ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай Тағанұлы: «Құрметті жамағат, қадырменді ағайын! Бүгінгі тамаша кештің куәсі болып отырған баршаларыңызға, шаңырақтарыңызға Алла береке-бірлік, ынтымақ берсін. Ислам дінінің адамзат игілігі үшін келгенін барша мұсылман үмметі біледі.Сол себептен де, денсаулықтың қадірін де тиісінше бағалай білу керекпіз. Денсаулық – бізге аманат. Аманатқа қиянат етпей, тәннің де хақысын беру мұсылмандық міндетіміз. Міне, осы шариғат шарттарының бірі етіп бекітілген міндетті істі «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» секілді елдік, мемлекеттік қағидалармен үндестіре отырып өткізіп отырмыз. Қатысқан барлық топтардың тыңғылықты дайындықтан өткеніне көз жеткіздік. Бірін екіншісінен бөле-жара қарай алмаймыз. Дегенмен, жалғыз шапқан ат жүйрік демекші, бәйге болған соң, оза шапқаны да, шалыс басқаны да болуы заңдылық. Сондықтан, қазылар алқасы сегіз тур бойынша балдық жүйемен белгілей отырып, басым түскен топты дұрыс анықтауға тырысты. Алайда, бүгінгі таңда маңызды мәселе – бірінші орында емес, бірінші мәселе – бірлік-ынтымақта. Бірлік бар жерде береке болады. Алла сіз бен бізді берекелі қылсын, бірлігі бекем, берекелі ел қылсын» деп елдің, жердің тыныштығы Ұлы жеңіс екенін жамағатқа жеткізді.
«Нұр Астана» орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.04.2014
3713
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру