Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы мешіттерінде көгалдандыру жалғасуда

19.04.2014 4601 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасына орай Алматы орталық мешітінің ұйытқы болуымен Алатау аудандық «Бекет ата» мешітінде бүгін көгалдандыру шарасы өтті. Шараға Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет, Алатау ауданы әкімінің орынбасары Маржан Ертайқызы, Алматы орталық мешітінің қызметкерлері, Алатау ауданы мешіттерінің имамдары және мешіт жамағаты мен ақсақалдары келіп қатысты. Іс-шара барысында мешіт ауласындағы көгалға 15 түп шырша, 10 түп ақ қайың, бірнеше жеміс ағаштары және раушан гүлдерінің 100 түп көшеті отырғызылды. Бас имам Нұрбек қажы сөз сөйлеп, бұндай игі шаралардың қаламыздың басқа мешіттерінде де өткізу керектігін айтып, "Бұл айналамызды көркейтіп қана қоймай, Ислам дінімізде үлкен сауапқа кенелтетін игі шаралардың бірі. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет басталып жатсадағы қолыңдағы бір түп ағашты отырғызып қал», ­­­­­­- деп өсиет еткені баршамызға аян",- деді. Шара барысында ізгі тілектер айтылып, келген қонақтар дәмнен ауыз тиді. Ақсақалдар батасын беріп, мешіт бас имамы Орынбасар қажы келген қонақтарға алғысын жеткізді. Жұма уағызында осы іс-шараның болатыны жөнінде жамағатқа жария етілген болатын. Сондықтан көгалдандыруға мешіт жамағаты да белсенді ат салысып, үйінен шырша, ағаш көшеттерін әкеліп отырғызғандар болды. Жамағатымыздан Күміс апа білек түре кіріскені соншалық, жамағат тарап кеткеннен кейін де ол кісі көшеттерді аралап, суарып, түптеп жүр.

Алматы қалалық орталық мешіттің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру