Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Лашықта тұрған қария баспаналы болды

16.04.2014 3728 0 пікір

Төрт жыл бойы иесіз лашықты паналап келген сексендегі кейуана «Шығыстың аялы алақаны» атты қайырымдылық іс-шара аясында баспаналы болды.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің үстіміздегі жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялай отырып, қайырымдылық іс-шараларын мейлінше жиі өткізіп отыру керектігін аймақтардың өкіл имамдарына қадап тапсырғаны белгілі. Осы бағытта «Шығыстың аялы алақаны» деген атаумен облыстық орталық мешіттің бастамасымен аймақтағы барлық мешіттерде жыл басынан бері әлеуметтік жағынан аз қамтылған мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек қол ұшы созылуда.

Апта басында кезекті қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып өткізілді. Облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асанов мешіт қызметкерлерін өзі бастап барып, Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылының тұрғыны, төрт жыл бойы иесіз лашықты паналап келген сексендегі кейуанаға  қол ұшын созып, үй алып берді. Аталмыш іс-шараға қалалық мешіттің бас имамы Рауан Махмутов, Қасым Қайсенов кентіндегі «Мұса баба» мешітінің бас имамы Тимур Қайдарұлы және облыстық мешіт жамағаты бір кісідей атсалысты.  

Несіпхан Әбдіғалиева әжейдің бұрын өз баспанасы болған. Өкінішке орай, ол үйді маскүнем ұлы араққа саудалап жіберген. Қартайған шағында далада қалған кейуана амалсыздың күйін кеше отырып, қолындағы мүгедек қызы мен немерелерін ертіп, ауыл іргесіндегі иесіз қалған лашықты төрт жыл бойы паналап келген.

Осындай қиын жағдайда қалған отбасыға баспаналы болуға жәрдемдесіп, үйдің ішіне күнделікті тұрмыста қажетті жиһазын қоса ала келген облыстық мешіттің бас имамы мен мешіт жамағатына разы болған кейуана көзіне жас алып тұрып, өзінің аналық ақ тілеуін жаудырып, ақ батасын берді.

ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру